Цифрлық қауіпсіздік, пропагандамен күрес: InternetCA-2022 форумының 2-күнінде не айтылды?

18 қарашада «Орталық Азиядағы интернетті дамыту InternetCA-2022» 13-интернет-форумы жалғасты. Онда спикерлер журналистика, медиа мен цифрлық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді талқылады.

Форумның екінші күнінде мамандар мен сарапшылар түрлі тақырыпта сөз қозғады. Мәселен, Анастасия Гудкова “Азаматтық қоғамдағы цифрлық қауіпсіздік” туралы баяндады. Онда ол DDoS-шабуыл және оның қаупі, сайтты мұндай шабуылдардан қалай қорғау керек және тағы басқа жөнінде айтты.

Интернеттің өшуінің алдын алумен айналысатын Keeplton компаниясының өкілі Анастасия Жирмонт форумға жиналғандарға әуелі KeepItOn коалициясын таныстырды. Оған қоса маман цифрлық авторитаризмнің оралуы, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы интернеттің өшуі мәселелерін көтерді. Сонымен бірге ол сайлау және басқа да маңызды қоғамдық іс-шаралар кезінде интернеттің өшуіне қалай төтеп беруге болатынына да тоқталды.

Дүниежүзіндегі көп үкімет сайлауалды, сайлау кезінде немесе одан кейін интернетті еркін қолдануын шектейді. Сайлау кезінде интернеттің өшуі журналистерге, құқыққорғаушыларға, сайлаудағы тәуелсіз бақылаушыларға не басқа да азаматтық қоғамдастықтарға маңызды ақпаратты алуға, жұмысын дұрыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Интернеттің өшуі дауыс беру, учаскелерге мониториң жүргізу, сайлаушылардың даусын санау, тексеру процесіне кедергі келтіреді.

Анастасия Жирмонт, Keeplton компаниясының өкілі

Ал Factcheck.kz сайтының журналист-фактчекерлері Думан Терликбаев пен Төлепберген Маликов “Пропаганда табиғаты: қазақстандықтарға әсері және төтеп беру жолдары” мәселесіне тоқталды. Журналистер Ресей мен Грузия, Ресей мен Украина арасындағы соғыс мысалында пропаганда деген не және адамдар неге оған сенуге бейім екенін, оның салдарын түсіндірді. Сонымен қатар олар пропагандамен күресудің тиімді әдістерін атап өтті.

Журналист Жолдас Өрісбай заманауи пропаганда теориясы, медиадағы манипуляция стратегиясы және өзге де техникалары туралы сөз қозғады. Сонымен қатар ол Қазақстандағы қоғамдық пікірдің қалай қалыптасатынына, оған әсер ететін медиа мен әлеуметтік желі функциясына назар аударды.

Мемлекеттен қаржыланатын арналар үкімет жұмысы мен бағдарламаларды жеткізуге бейімделген. Көрермені азайып жатса да, олардың қоғамдық пікірге әлі әсері бар. Интернет-медиа ақылы ақпарат тарату арқылы үкімет жетістері айтылады. Бірақ медиа ресурстар ақпаратқа ақы төленгенін әдетте жасырады. Facebook-тегі үкіметке жақын саяси белсенділер, журналистер тағы өзге селебретилер ақылы пост жазу арқылы қоғамдық пікірге әсер етуге тырысып келеді. Бірақ олардың әрекеті мәселе науқаны болғандай, бірден байқалады. Атқарушы билік Telegram-да көбіне ананоим арналар арқылы үкімет сыншыларын дискредиттеуге тырысып жүр. Про-үкіметтік журналистердің YouTube арналары арқылы үкіметтің жұмысын түсіндіру жүргізіледі. TikTok желісі де саясиланып келеді. Әсіресе, жақында құрылған Мыңбала ТикТок хаусы патриотизм принциптерін алға тартып, жастар арасында билік пен патриотизм бір ұғым екенін түсіндіруге тырысып жатыр.

Жолдас Өрісбай, журналист

Спикер тек теория жүзінде айтып қоймай, қазақстандық медиа мақалаларына шолу жасап, пропаганда мен манипуляция мысалдарын көрсетті.

Іс-шараны Сорос-Қазақстан қорының, «Ашық қоғам» қорының, USAID, Internews Network және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің қолдауымен «MediaNet халықаралық журналистика орталығы» ұйымдастырды.

Factcheck.kz