Талдау | Медведев парақшасындағы Украина мен Қазақстан туралы жазба

Бұл материалды Еуразиялық фактчекиң және медиа сауат желісінің мүшелері – FactCheck.kz, FactCheck.kg мен «БезБрехнi» редакциялар дайындады.

Тамыз айының басында Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары және экс-президенті Дмитрий Медведев «ВКонтактедегі» ресми парақшасында «Киевті азат ету» және «Грузияны Ресейге қосу» туралы жазба пайда болды. Одан бөлек, мәтінде Қазақстанды «қолдан жасалған мемлекет» деп атайды және «орыс геноцидіне» айыптайды. Бір қызығы, медиада тез тараған жазба небәрі 10 минуттан кейін өшірілді.

Талдау | Медведев парақшасындағы Украина мен Қазақстан туралы жазба
Дмитрий Медведевтің өшірілген жазбасының скриншоты

Біраз уақыттан соң «ВКонтакте» желісінің баспасөз қызметі Медведевтің парақшасы бұзылғанын, жазбаны үшінші тарап қолданушысы жариялағанын жазды. Бұл туралы Медведевтің аппаратында да хабарлады.

Медведевтің парақшасы расымен бұзылғаны не бұзылмағанының айтарлықтай маңызы жоқ. Оның парақшасындағы жазбаның айтпағы Кремльдің саяси элитасының Қазақстан туралы басқа да көп мәлімдемесімен ұштасады. Соның ішінде «Украинаны денацификациялау» туралы үнемі жазатын Медведевтің өз риторикасымен де үндеседі. Ақпарат әлеуметтік желілер (өшірілген соң да) мен қазақстандық, ресейлік ақпараттық ресурстар арқылы үлкен аудиторияға тарады.

Factcheck.kz, Factcheck.kg және «БезБрехнi» редакциялары жазбада айтылған пропагандалық нарративтерді деконструкциялау үшін бірікті.

Медведев Украина туралы

Қазіргі ресейлік үгіт-насихаттың негізгі векторларының бірі — өзінің агрессив саясаты мен басып алу мақсаттарын ақтау үшін «жалған ғылыми» және «квазитарихи» негіз құру мақсатында тарихи фактілер арқылы манипуляция жасау. Ресейдің Украинаға басып кірерінен бірнеше жыл бұрын Кремль пропагандасы Украина мемлекетінің өткенінің беделін түсіру үшін ақпараттық соғыс бастады. Бұл ұлттың тәуелсіздігі мен өз бетінше өмір сүруге құқығын жоюға бағытталды. Осыған ұқсас схема Грузия, Қазақстан, Балтық жағалауы елдері сияқты көрші елдерге де қолданылған және қолданылып келе жатыр.

Тарихи үгіт-насихат мифтерін жоққа шығару қиындығы сол, олардың авторы ғылыми фактілермен емес, псевдотарихи штамппен және клишемен тарихтың өңін айналдырып, оппоненттерді «кімнің тарихы ұзағырақ» және «кім кімнің ағасы/інісі» шеңберінде әдейі айлалы пікірталасқа тартады. Үгіттеушілер дәлелінің “рас екені”, әдетте, «бәріне белгілі факт», «тарихи аксиома», «тарихта осылай болған», «көпшілік қабылдаған көзқарас» және т.б. сияқты аргументтер арқылы қуатталады.

Сондықтан мұндай ақпаратты әшкерелеу кезінде тезистің манипуляциялық арқауы бойынша жүру мәнсіз. Оған қарағанда осы манипуляциялардың түбінде жатқан терең мағынаны ашу әлдеқайда маңызды. Біз Дмитрий Медведевтің “Вконтакте” парақшасында шу болған постын дәл осы принцип бойынша талдадық. Айта кетейік, ол жазбаны шенеуніктің аккаунтын бұзған басқа адам жазды деп болжанады. Пост Украина, Қазақстан, Грузия, Қырғызстан сияқты бірнеше елдің ақпарат кеңістігінде тез және айтарлықтай көп тарағанын және Медведевтің мұндай агрессив шовинистік риторикасы бірнеше рет айтылғанын ескере отырып, фактчекерлер тобы пост тезистерін талдады.

Медведевтің Украина туралы жалған тарихи ақпаратын жоққа шығару үшін «LikБез. Исторический фронт» ресурсы материалдары қолданылды. Бұл қоғамдық білім беру жобасы 2014 жылы Украина тарихын танымал ету, пропаганда пен тарихи мифтерді теріске шығару үшін құрылған, оған кәсіби тарихшылар мен саясаттанушылар қатысады. Жобада профессорлар мен докторлардан бастап ғылым кандидатына дейін Украинаның түкпір-түкпірінен 70-тен астам ғылыми маман жұмыс істейді.

1-ТЕЗИС: …Өздері ойлап тапқан украиндықты уағыздайтын ұлтшылдар бандасынан Киевті және бүкіл Кіші Ресейді азат еткеннен кейін…

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы пост

Үкім: Манипуляция және Жалған

Бұл тезисте Медведев бірнеше тарихи клишені пайдаланады. Атап айтқанда, Киев белгілі бір Кіші Ресей бөлігі және украиндар (яғни украиндар этнос ретінде) ойдан құрастырылған, мұндай халық/территория болмаған-мыс.

«Кіші Ресей» термині Русь-Украина аумағының атауы ретінде, Мәскеуде жалған тарихи айналымға енгізілген және бұл атау ол өзін Ресей деп өзгерткен кезеңде «бекітілді». Бұрын қазіргі бүкіл Украинаның аумағы не украиндар немесе олардың ата-бабасы мекендеген еш жер «Кіші Ресей» деп аталмаған. «Кіші Ресей» – «Украинадан» әлдеқайда кейінгі атау.

“Кіші Ресей” атауы “Кіші Русь” дегеннен шыққан. Бұлай деп XIV-XV ғасырларда Галисия мен Киев митрополиясы, ал XV–XVI ғасырларда кейде Литва Ұлы Герцогтігінің және Поляк патшалығының құрамындағы Ресей жерлері аталған. XVII ғасырдың бірінші жартысында бұл атау Киев митрополиясын Мәскеу патриархатынан ерекшеледі. Бірақ “Кіші” атауы іні/қарындас дегенді білдірмейді. “Кіші Русь” мағынасы — бір кездері үлкен болған нәрсенің бір бөлігі. Демек үлкен “Ежелгі орыс мемлекетінің” өткен бөлігі.

XVII ғасырдың 2-жартысында 1654 жылғы Гетмандық Украина мен Мәскеу (ол кезде Ресей деген болмаған) арасындағы Переяслав келісімінен кейін «Кіші Русь» атауы «Кіші Ресей» болып өзгерді, ол Украинаның сол жағалауындағы — Гетман облысының жерлерімен байланыстырылды. Бірте-бірте Ресей империясы Гетман автономиясын жойып, Гетманның орнында Кіші Ресей губерниясы (1764-1781) құрылды.

Патшалық дәуірде украиндарға «кіші орыстар» деген атау қатты жабысты. Бұл ұғым «үштік орыс халқы»: ұлы орыстар – орыстар, кіші орыстар – украиндар және белорустар» туралы жасанды империялық тарихи саясатқа арқау болды. Демек Медведев ар жағында 200 жылдық тарихы бар «орыс халықының» «ағалығы» туралы бұрмаланған тарихи айла-шарғыны жариялап отыр.

Украиндықтарға келетін болсақ, алғаш рет «Украина» ұғымы 1187 жылы Киев хроникасында айтылып, Переяславль аймағын – яғни «байырғы орыстар» бөлігін білдірді. Ұзақ уақыт бойы «Русь» және «Украина» атаулары XVII ғасырға дейін қазіргі орталық Украинаның аумағын да, ұлтты да білдіріп қатар өмір сүрді. Сондықтан «украиндық» сөзіне шамамен 800 жыл болды, ал Медведевтің ұғымның «ойдан шығарылғаны» туралы мәлімдемесі жалған.

2-ТЕЗИС: Ресей мың жыл бұрынғы ежелгі орыс мемлекеті кезіндегідей қайтадан біртұтас, қуатты және жеңілмейтін болады…

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы пост

Үкім: Жалған

Ежелгі Орыс мемлекеті мен Киев Русі туралы біртұтас монолитті мемлекеттік құрылымдар деу XVIII-XIX ғасырларда Мәскеу/Ресей енгізген жасанды клише. Мәскеу/Ресей империяны басқару жүйесін ежелгі мемлекет басқару формасына көшірді, өйткені оның басқа жүйеде тәжірибесі жоқ еді.

Қазіргі тарих «Ескі Орыс мемлекетін» біртұтас славян этникалық тобына негізделген князьдіктердің біріккен түрі деп атауға болатынын айтады. XII ғасырда Рюрик әулетінен шыққан князьдар иеліктері князьдіктердің конгломераты болды. Олардың әрқайсы өз астанасы бар тәуелсіз мемлекет еді. Дегенмен Киев ұлыкнязьдігінің үстеліне иелік ету — «отбасының» басқа мүшелерінің алдында шартты түрде «аға» мәртебесін бергендіктен барлық князьді тартты.

“Жеңілмейтіндігіне” келсек, бұл да — клише. Иә, біріккен князьдіктер қуатты болды. Бірақ әр мемлекеттің күшейген және әлсіреген кезеңі болған. Ресей қыпшақ жорықтарынан жиі зардап шекті, батыстағы көршілерімен сәтті кейде сәтсіз соғыстар жүргізді, 1238-1240 жылдары моңғол-татарлардан жартылай жеңіліске ұшырады. Бірақ 1241 жылы Орданы талқандап, оны славяндардың аумағынан ығыстырып шығарды.

Сондықтан Медведевтің бұл тезисі көбірек ұранға ұқсайды және өз мәні бойынша шындыққа жанаспайды.

3-ТЕЗИС: Осыдан кейін біз славян халқы бастаған Мәскеудің бір қолымен Отанымыздың шекарасын қалпына келтіру үшін кезекті жорыққа аттанамыз, ол өздеріңіз білетіндей еш жерде аяқталмайды. Бізден тартып алынған жерлердің барлығы ата-бабамыздың қанымен суарылып, ғасырлар бойы талай шайқаста жаулап алынған…

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы пост

Үкім: Жалған және Манипуляция

Бұл тезисте Медведевтің империялық импульсі шектен шығып кетті. Путиннің «орыс жерлерін жинаушы» атағына айқын бәсекелесі бар. Бірақ тезисте байқалатын негізгі манипуляциялық месседж мынау: Мәскеу Ежелгі (немесе Киев) орыс мұрагері ретінде «орыс жерлерін» бір жерге жинады. Новгород Республикасы не Смоленск, Тверь, Чернигов, Киев жерлері туралы славян өлкелері контекстінде айту мүмкін болса, онда, мысалы, Қазан, Астрахань, Касимов князьдіктерін мұндай деп атауға келмейді. Сібір, Қиыр Шығыс жерлерін де олай атауға болмайды.

Ал құқықтық мирасқорлыққа келер болсақ, мұнда манипуляция мен клише бастауы сол XVIII-XIX ғасырларда жатыр. «Киев Русі» және «Мәскеу Русі» терминдері X-XIV ғасырларда қолданылмаған. Олар Ресей империясының мүддесіне үшін ХІХ ғасырдағы идеологиялық өнертабыс болып саналады.

«Киев Русі» термині XIX ғасырдағы орыс тарих ғылымында «Русь орталығын Киевтен Солтүстік Шығысқа көшіру» теориясы бойынша, Ресей тарихының «Мәскеуге дейінгі» кезеңінің атауы ретінде пайда болды. Оның міндеті Мәскеу князьдарының/патшаларының/Ресей императорларының Киев пен Моңғолияға дейінгі Русь мұраларына айрықша құқықтарын негіздеу болды. Шындығында, бастапқы «Ресей орталығын» ешқайда «көшіру» мүмкін емес еді. Жай ғана, Мәскеу сияқты жаңа «орталықтары» бар жаңа мемлекеттер пайда болды. Алайда олар “орыс жерлерін жинаушы” болу үшін және Киевті “қайтару” мақсатында әрекет ету үшін идеология Киевтің “мұрагері” болуды талап етті.

Бүгінгі таңда Русь «астанасын ауыстыру» идеясының өзі сол дәуір туралы заманауи ғылыми идеяларға сәйкес келмейді. Бұл көзқарастар жүйесі ХХ ғасырда ғылым саласынан әуелі әдебиетке, кейін орыс ұлтшыл публицистикасына, сосын пропаганда саласына көшті.

Медведев Қазақстан туралы

Мәлімдеме: Совет одағы құлағанға дейін Солтүстік Қазақстан аумағы халқының 62.5%-і славяндар болған.

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы жазба

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросының бізге ұсынған дерегіне сәйкес, 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағының нәтижесі келесідей болған: Қазақстанның Солтүстігіндегі (қазіргі 4 облыс аумағы: Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Павлодар) халық саны 3 981 936 адам; оның 60%-і славян халқы (орыс, украин және беларусь). Орыстар – 47%, қазақтар — 25%.

Жалпы алғанда, Қазақстанның мелекеттігі мен территориялық тұтастығына күмән келтіретін риторика — манипуляция. Мұны талдау үшін негізгі сұраққа жауап беруіміз керек:

Совет одағы құлар алдында Қазақстанның солтүстік аймақтарында (жалпы мемлекетте) славяндар (оның ішінде орыс этносы) көп болуының себебі неде?

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстан жеріне Ресей империясынан шаруалар жаппай қоныс аударды. Бір пікірге сай, XIX ғасырда Ресейде крепостнойлық құқықты жою аграрлық мәселені шеше алмады. Ал шаруалар толқулары жалғасып жатты. Бұл Қазақ хандығын отарлап болумен сәйкес келді. Шаруалардың шығысқа қоныс аударуы Ресейдің орталық губернияларындағы жер тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, сонымен бірге жаңа жерде үкіметке қолдау табатын еді. Екінші көзқарасқа сәйкес, шаруалардың қоныс аударуы бастапқыда ерікті болған және мемлекет тарапынан отарлау құралы ретінде қолдау тапқан.

Қалай болғанда да, әсіресе Столыпиннің аграрлық реформасы қабылданғаннан кейін қоныс аударушылар саны артып, Сібірден басқа, Қазақстанның Ақмола, Торғай, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары шаруалардың баратын жеріне айналды. Совет Одағы кезінде шекараның ортақ болуына байланысты адамдардың еркін қоныс аударуы әдеттегі үрдіске айналды. Орыстар Қазақстанға түрлі себептермен (индустрияландыру, тың игеру) көшті.

Қазақстанның демографиялық құрылымының өзгеруіне басқа да тарихи оқиғалар әсер етті: 1930 жылдардың басындағы ашаршылық, түрлі есеп бойынша, 1,5 млннан 4 млнға дейін адамның өмірін қиған. Ал тарихшылардың сөзінше, 1937-1938 жылдардағы репрессия кезінде 120 мыңға жуық қазақстандық қудаланып, 25 мыңнан астамы атылған.

Сонымен, белгілі бір кезеңде Солтүстік Қазақстан аумағында «славяндар» (жазба авторы орыс ұлтының өкілдерін меңзеген болуы керек) саны басым болуы патшалық және советтік саясаттың салдары, одан артық ештеңе емес.

Оның үстіне, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге 2005 жылы Н. Назарбаевтың Ресейге ресми сапары кезінде қол қойылып, 2006 жылдың 12 қаңтарында күшіне енген. Осылайша, бүкіл периметр бойынша құрлық шекарасын заңды бекіту аяқталды, яғни, делимитацияланды. Ал одан да күрделі процесс— шекараларды демаркациялау бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2022 жылдың басында Солтүстік Қазақстанның төрт облысында орыс этносының үлесі 38% болған.

Мәлімдеме: Қазақстан — қолдан жасалған мемлекет, бұрынғы Ресей территориясы. Мысалы, Гурьев, Семей, тіпті Алматы қаласы 1924 жылға дейін Верный деп аталды.

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы жазба

Үкім: Жалған және манипуляция

Қазақстан – халықаралық қоғамдастық (оның ішінде Ресей де) мойындаған тәуелсіз мемлекет, 1992 жылдан бері БҰҰ-ның толыққанды мүшесі.

Кейбір ресейлік саясаткерлердің бұрынғы Ресей территориясы туралы уәжі басынан бастап-ақ манипуляция. Себебі олар күрделі тарихи процестерді қарапайым қылуға тырысады және “қажет” уақыт аралығына ғана тоқталады. Ресей империясының жерінде салынған Гурьев (қазіргі Атырау қаласы), Семипалатинск (бүгінгі Семей қаласы) және Верный (қазіргі Алматы қаласы. Қаланың атауы 1924 жылы емес, 1921 жылы өзгертілген) қаласын патша әскерлері Қазақ хандығына тиесілі болған, отарланған жерлерге салған. Сонымен қатар, Семей қаласының негізі жоңғарлардың Доржынкит қаласынан алыс емес жердегі жеті буддалық қалмақ ғибадатханасының орнында қаланды, ал бір кездері Верныйдың орнында ортағасырлық Алмату қаласы болған. Қысқаша айтқанда, қазіргі Қазақстан жерінде Ресей империясы мен Қазақ хандығына дейін басқа да мемлекеттік бірлестіктер болған. Ал мемлекеттердің шекаралары соғыстар мен қақтығыстар салдарынан үнемі өзгеріп отырған. Егер тарихқа жүгіне берсек, Қазақстанның да, Ресейдің де кейбір бөлігін басқа мемлекеттер талап ете алар еді.

Кілт сөздер арқылы іздеу орыстілді ақпараттық кеңістікте «қолдан жасалған мемлекет» ұғымы белгілі бір елдің өз тарихы (мәдениеті және т.б.) болмағанын және мұны басқа, анағұрлым күшті мемлекет(тер) жасағанын көрсету үшін қолданылатыны байқалады. Мысалы, бұл терминді Ресей пропагандасы Украинаға қатысты белсенді пайдаланған (мысалдар: мұнда, мұнда және мұнда). Сондай-ақ желіден Косовоның, Әзірбайжанның, тіпті АҚШ-тың “жасандылығы туралы” ақпарат таба аласыз. Алайда, ұғымның нақты анықтамасы берілмейді.

Желінің ағылшын тілді сегментінде artificial state (яғни, жасанды мемлекет) сөздерінің нақты нені білдіретінін анықтауға талпыныс байқалады. Мысалы, Уильям Истерли мен оның әріптестері ұлттың (халық қаламағандай) бөлінуі мен саяси шекаралардың сәйкес келмеуін жасанды мемлекет деп жазады. Одан әрі индикатор ретінде сарапшылар шекаралардың этникалық топтарды екі бөлек көрші елге қалай бөлгенін және құрлықтағы шекаралардың қаншалықты түзу екенін қарастыруды ұсынады. Өйткені олар жасанды мемлкеттің шекарасы түп-түзу болуы мүмкін деп болжайды. Қазақстан бұл анықтамаға жатпайтыны анық.

Қалай болғанда да, жасандылық туралы риторика бәріне мәлім фактіге келіп тіреледі: қазақтарда өз тарихы, мәдениеті мен өркениеті бар; тәуелсіз Қазақстан мен Ресей империясы Орталық Азияға келмей тұрып өз мемлекеттігі болған. Қазақ хандығының толыққанды мемлекет ретінде қалыптасқаны және өмір сүргені халықаралық тарих ғылымында мойындалады. Көшпелі тұрмыс нормалары мен қазақ қоғамының түрлі топтары арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін құқықтық жүйе болған. Мұны ресейлік ғалымдардың өзі де мойындайды.

Айта кетейік, “Хандық” дефинициясының өзі оның мемлекет екенін меңзейді. Хандық — түркі тайпалары халықтарының көптеген мемлекетінің атауы.

Мәлімдеме: Қазірдің өзінде Қазақстан билігі республика ішінде түрлі этникалық топты көшіру жөніндегі бастамаларды іске асыруды бастап кетті. Мұны орыстардың геноцидіне жатқызуға болады.

Дмитрий Медведевтің VK-дағы ресми парақшасындағы жазба

Үкім: Жалған және манипуляция

Мемлекеттің қолдауымен не ерікті түрдегі Қазақстандағы түрлі этникалық топтың ел ішінде (жалпы кез келген басқа елдегі мұндай процестерді) қоныс аударуын орыстардың геноцидіне (не басқа этностың геноцидіне) жатқызуға болмайды.

БҰҰ Конвенциясына сәйкес, «кез келген ұлтты, этносты, нәсілді не діни топты толығымен немесе ішінара жою мақсатында жасалған келесі әрекеттер геноцидті білдіреді:

  1. мұндай топтың мүшелерін өлтіру;
  2. осындай топ мүшелеріне ауыр дене немесе психикалық зиян келтіру;
  3. белгілі бір топты толық не ішінара физикалық жоюға арналған өмір сүру жағдайын жасау;
  4. топтың ішінде бала тудырмауға бағытталған шаралар;
  5. балаларды бір топтан екіншісіне мәжбүрлеп алып беру».

Жоғарыда айтылғандардың ешқайсысы Қазақстанда жоқ. Ал орыстардың я болмаса Қазақстанды мекендейтін кез келген басқа этностың ішкі көші-қонын (ерікті түрде болсын, үкіметтің қолдауымен болсын) геноцидке жатқыза алмаймыз.

Геноцид мысалдары: Холокост, Руандадағы геноцид, Камбоджадағы геноцид.

Контекст

Ресейлік саясаткерлердің Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мемлекеттілігіне шек келтіретін сөздеріне қазақстандықтардың еті үйреніп қалды десе артық емес. 2014 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің “қазақтарда мемлекеттік болмады” деген мәлімдемесін былай қойғанда, тек кейінгі екі жылдың өзінде осындай риторика аз болған жоқ.

2020 жылдың соңында «Единая Россия» партиясының депутаты Вячеслав Никонов «Қазақстан болған емес», ал ел аумағы «Ресей мен Совет Одағының үлкен сыйы» деп айтқан. Никоновтың сөзіне Қазақстан СІМ-інің реакциясына ашуланған әріптесі Евгений Федоров та «заңсыз» алынған аумақтарды қайтаруды талап етті. 2021 жылдың сәуірінде Қазақстанға қатысты өшпенділік сөздерімен танымал ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский Павлодар қаласының көшелерінің атауы өзгеруі туралы «Ресей әлемі өз шекарасын қалпына келтіреді және сол кезде тәртіп орнайды» деген. 2022 жылдың басында «Единая Россияның» тағы бір депутаты Бийсұлтан Хамзаев қаңтар қырғыны тұсында Орталық Азияны «ресейлік жер» деп атап, «Қазақстанды Ресейге біріктіру туралы референдум өткізуді» қолдайтынын айтқан жазба жариялады. Ал журналист Маргарита Симонян халық толқуына қатысты пікір білдіре отырып, Қазақстанның тәуелсіздігін «күлкілі» деп атаған. Ресейдің Украинаға әскери шабуылы басталғаннан кейін бір ай өткенде ресейлік Коммунистік партияның депутаты Сергей Савостьянов Қазақстанды да «денацификациялауға» шақырған. Бұдан тағы бір ай өткен соң тележүргізуші Тигран Кеосаян Қазақстанда әскери парадтың өтпеуіне көңілі толмай, қазақстандықтарға «Украинаға қарап, байыпты ойлануға» кеңес берді.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz