«Қыздықты» тексеру – адам құқығын таптау

14 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің жеке мәліметтері мен дәрігерлік құпия саналатын дербес деректері желіде тарап кетті. Азаматтардың үлкен наразылығын тудырған мәліметтің арасында студент қыздардың «пәктігі» туралы ақпарат та болған.

ҚазҰУ-мен бірлесіп жұмыс істейтін Smart Health University City клиникасының директоры Жанна Жүнісованың айтуынша, «пәктік» туралы деректер қыздардан «ауызша» жиналған. 

«Қыздықты» тексерудің қандай этикалық және құқықтық мәселелері бар? Factcheck.kz тақырыпты зерттеп көрді.

«Қыздықты» тексеру, таралуы, себептері

Кейбір мәдениетте «пәктік» немесе «жыныстық тазалық» — әйелдің және оның әулетінің «ар-намысын көрсететін» маңызды әлеуметтік норма ретінде қарастырылады.

«Қыздықты тексеру» — әйелдің я болмаса қыздың қынап арқылы жыныстық қатынаста болған-болмағанын анықтауға болады деген сеніммен жүргізілетін гинекологиялық тест. Оның көп тараған екі әдісі: 1) қынаптың мөлшерін не «жыртылуын» тексеру; 2) Two-Finger Test — қынапқа бір немесе бірнеше саусақты енгізу арқылы қынап қабырғасының әлсіздігін өлшеу. Екі әдіс те жыныс мүшелерінің жыныстық қатынасқа «дағдыланғанын» көрсететін белгілері болады деген сеніммен орындалады.

БҰҰ-ның 2018 жылғы дерегінше, бұл тәжірибе кем дегенде 20 елде: Ауғанстан, Бангладеш, Египет, Үндістан, Индонезия, Иран, Иордания, Палестина, Оңтүстік Африка, Шри-Ланка, Свазиленд (қазіргі Эсватини), Түркия мен Угандада құжатталған. Бұл Канада, Испания, Швеция және Нидерланды сияқты батыс елдерінде де кездеседі. Оңтүстік Африкада кейбір қауымдастықтар некеге дейінгі жыныстық белсенділікті тежеу ​​және АҚТҚ-ның таралуын азайту үшін мектеп жасындағы қыздардың пәктігін тексеруді жүзеге асырған. Индонезияда әйелдер полиция қызметіне орналасу үшін осындай тест тапсыруы керек болған.

«Қыздықты» тестілеу некеге тұру құқығын белгілеу үшін болашақ күйеуі немесе жұмысқа орналасу құқығын алу үшін жұмыс берушілер тарапынан жүзеге асырылады. Оны негізінен дәрігерлер, полиция қызметкерлері немесе қауымдастық жетекшілері әйелдің «ізгілігін, ар-намысын немесе әлеуметтік құндылығын» бағалау үшін жасайды. Кейбір аймақта денсаулық сақтау мамандары зорлаудың болған-болмағанын анықтау үшін зорлық құрбанының сөзіне сенбей, «қыздыққа» тест жасауы мүмкін.

Тест әйелдің өтінішімен орындалса да, ол бұған өз еркімен бармайды. Әйел өзінің «пәк» екенін дәлелдеу үшін мұндай сынақты қажет етпейтіні анық. Дегенмен, ол басынан кешкен оқиғаларға байланысты өзінің «қыздық» мәртебесіне сенімсіз болуы мүмкін (мысалы, қыз атқа мінсе, спортпен айналысса, «пәктігі бұзылады» деген жаңсақ ой бар).

Әйелдің келісімінсіз «қыздық» тестін мәжбүрлеп орындау — келісім берілмеген кез-келген жыныс мүшесін тексеру сияқты жыныстық зорлық-зомбылықтың бір түрі.

«Қыздықты» тексерудің салдары

2014 жылы әлемнің 18 елінің 35 экспертін біріктірген Тәуелсіз сот-сараптама тобы (The Independent Forensic Expert Group IFEG) «пәктік сынағы» медициналық тұрғыдан сенімсіз, қатыгез, әйелді алалайтын, ар-намысты қорлайтын азаптау процесі екенін және мәжбүрлі түрде жүргізілетінін мәлімдеді.

Көптеген әйел бұл тәжірибенің қысқа және ұзақ мерзімді жағымсыз зардаптарынан азап шегеді. Тест нәтижесі «нашар» болса, әйелдер мен қыздар өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылуы немесе «намыс» үшін өлтірілуі мүмкін. Одан бөлек:

  • Физикалық қысым: Тестті өткізуші немесе әйелдің туыстары әйелге зиян келтіруі мүмкін. Сынақ зорлап өткізілсе, ауырсынуға, жыныс мүшесінің жарақаттануына, қан кетуге және инфекцияға әкеледі. Тест «сәтсіз» аяқталған жағдайда әйел суицид жасауы ықтимал.
  • Сынаққа дейінгі, сынақ барысындағы психологиялық қысым. Тестілеу алдында қатты қорқыныш пен алаңдаушылық, айқайлау, жылау және тестілеу кезінде естен тану, сондай-ақ өзін-өзі жек көру, өзін-өзі бағалауды жоғалту.
  • Әлеуметтік қысым: Қауымдастықтар үшін ұят пен абыройсыздықты тудыратын «теріс» тест нәтижесінен туған неке бұзылуы, жұмыстан қуылу секілді әлеуметтік қорлау.

«Қыздықты» тексеру мүмкін емес.

Қыздың «пәктігін» тексеру ұғымы медициналық немесе ғылыми фактілерден гөрі мәдени және әлеуметтік нормаларға негізделген. «Пәктіктің» көрсеткіші алғашқы жыныстық қатынас кезінде жыртылып қанауы керек «перде» түсінігі әйелдердің жыныс мүшесінің жаратылысы туралы қате пікірден қалыптасады.

Шын мәнінде «перде» қынаптың кіреберісін жартылай жауып тұратын жұқа қабық. Негізінен, ол дөңгелек пішінді, қынаптың шетін бойлай орналасады және тесіктің бір бөлігін ғана жауып тұрады. Және ол спортпен айналысқанда, тампон қолданғанда немесе медициналық тексеру сияқты әртүрлі жыныстық емес әрекеттерге байланысты созылуы мүмкін.

Одан бөлек, «перденің» қынапқа кірер тесікті толық жабуы сирек кездесетін, әрі хирургиялық емдеуді қажет ететін жағдай. Себебі, мембрана қынапты тұтастай жауып тұрса, менструация сұйықтығының ағуына кедергі келтірер еді.

Патриархал қоғам әйелдерден неке түні «қан болуын» талап ететіндіктен, әйелдер «қыздық пердені қалпына келтіру» үшін «гименпластика» операциясын жасауға мәжбүр болуы мүмкін. Кейде әйелдер ешқашан жыныстық қатынасқа түспесе де, неке түнінде «қан кететініне» сенімді болғысы келеді. Өйткені, неке түнінен кейін төсекті тексеретін отбасы мүшелері қыздың «пәк болып келгенін» көрпешедегі қан арқылы түсінеді-міс.

Бұл адам құқықтарын қалай бұзады? 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) «қыздықты» тестілеуді ғылыми негізсіз және этикаға жатпайды деп айыптайды. Мұндай зиян сынақты орындау адам құқықтары мен этикалық стандарттарды бұзады.

Он жеті зерттеуді қамтитын 2017 жылы жүргізілген жүйелі шолу «қыздықты» тексеру «пәктік» мәртебесін дәл көрсете алмайды деген қорытындыға келді. Авторлар бұл тәжірибені тоқтатуды жақтап, «пәктікті» тексеруге мүлдем тыйым салу мақсатында әр елге өз саясатын қайта қарауды ұсынды.

1978 жылы АҚШ-та жүргізілген зерттеуде екі гинеколог өзін пәк деп жариялаған 28 әйелдің «қыздық пердесін» тексерді. Дәрігерлер қыздық перденің зерттелуі 58% жағдайда «пәктік» расталғанын, 31% жағдайда cенімсіз нәтиже болғанын және 11% жағдайда белгісіз екенін хабарлады.

«Қыздықты» тексеру — әйелдің өз денесіне деген автономиясын, жеке өміріне қол сұғылмаушылық пен қадір-қасиетіне деген құқықтарын бұзады.

«Пәктікті» тестілеу әйелдер мен қыздарға бағытталғандықтан, гендерлік стереотиптер мен теңсіздікті күшейтеді. Ол әйел «құндылығы» оның «жыныстық тазалығымен» байланысты деген түсінікті жақтап, гендерлік кемсітушілікке ықпал етеді.

Қорытынды

Әйелдің қынап арқылы жыныстық қатынасқа түскенін немесе түспегенін дәлелдей алатын ешқандай тәсіл жоқ. «Қыздық» медициналық немесе ғылыми термин емес. Керісінше, «қыздық» ұғымы әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік кемсітушілікті көрсететін әлеуметтік, мәдени және діни құрылым.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz