Белсенді Абзал Достияров 20 күнге қамалды

Белсенді Абзал Достияров “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 11-бөлімі) деген айыппен 20 тәулікке қамалды. Ол қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотынан ақпарат таратқан. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Абзал Достияров Алматының әкімшілік соты шығарған шешімге келіспейді. Оның айтуынша, ол сотқа хабар таратуға барған, ешқандай жиынға қатыспаған”.

“Соттан кейін Абзалды полиция қызметкерлері 7 қалалық ауруханаға апарды. Ол жерде де біраз шу болды. Дәрігер тексерді. Абзал басынан қатты соққы алғанын растады. Ем керек. Қызым әкесін жібергісі келмей жылап қалды”, — деп жазды белсендінің әйелі Дана Сәрсенбай Facebook-қа.

Сот шешімі әзірге жарияланбады.

Айта кетері, полиция Абзал Достияровты балабақшаға қызын апарғанда күштеп ұстап әкеткен. Дана Сәрсенбайдың айтуынша, полиция күйеуін ұстаған кезде соққыға жыққан.

Белсендінің қорғаушысы оны “ұстау кезінде полиция күш көрсетіп, заң бұзды” деп прокуратураға арызданды. Ал полиция оның ұсталғанына қатысты түсініктеме бермеді.

Factcheck.kz