ARTICLE 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекке тағылған айыптарды алып тастауға шақырды

ARTICLE 19 ұйымы Қазақстан билігін сатиралық контенті үшін айыпталған блогер Темірлан Еңсебекті босатуға, қоғамдық бақылаушыларға қарсы шабуылды тоқтатып, цензура саясатын доғаруға шақырды.

Ұйымның хабарлауынша, Еңсебектің қудалануы – азаматтық қоғамға қарсы ауқымды қысымның және журналистер мен белсенділерді үнсіз қалдыру әрекеттерінің бір бөлігі.

«Сатира мен әзіл – сөз бостандығының ажырамас бөлігі, тіпті олар кейбіреулерге дөрекі, мәнсіз немесе намысқа тиетін болып көрінсе де. Сатира – қоғамдық пікірталасты күшейту мақсатында әдейі арандату мен өткір мысқылға сүйенетін көркемдік өрнек түрі. Сондықтан мұндай материалдардағы «дөрекі сөздер» мен «қорлайтын тіркестер» жалпы контексте қарастырылуы керек. Қалай болғанда да, әзіл мен сын үшін қылмыстық қудалау – пікірталас пен азаматтық белсенділікті тұншықтыруға бағытталған өрескел шара.

Қазақстан билігі халықаралық стандарттарға сәйкес заңнамасын реформалап, Темірлан Еңсебекке тағылған айыптарды алып тастап, оны босатуы және журналистер мен белсенділерге қарсы соттық қудалауды тоқтатуға тиіс», – делінген хабарламада.

Ұйым биліктің сөз бостандығына деген қысымы тек сатиралық контентке ғана емес, қоғамдық өмірдің маңызды аспектілеріне, соның ішінде бейбіт наразылық білдіру құқығына да әсер етіп жатыр дейді. Халықаралық нормалар белгілі бір топқа немесе жеке тұлғаға жай ғана «реніш» тудыратын пікірлерді шектеуге жол бермейді. Ұйым сөз бостандығына кез келген шектеу заңдылық, мақсаттылық, қажеттілік және пропорционалдылық талаптарына сай болуы керегін айтты.

18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген. Бұл материал 2024 жылғы 21 қаңтарда жарияланған постқа қатысты, онда ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстандағы орыс тіліне қатысты даулы мәлімдемесі сыналған. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Белсендінің жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді.

Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген.

Басты беттегі сурет Qaznews24 парақшасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz