Журналистерді қорғау комитеті Темірлан Еңсебектің қамалғанын айыптап, оны босатуды талап етті

Журналистерді қорғау комитеті Qaznews24 сатиралық басылымының негізін қалаушы Темірлан Еңсебектің екі айға қамауға алынғанын айыптады.

«Темірлан Еңсебекке саяси сатирасы үшін тағылған айыптар алаңдаушылық туғызады. Қазақстан билігі Еңсебекті босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауы, Еңсебекті тұтқындауға наразылық білдіргені үшін ұсталған журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішеваны босатуы керек», – деді комитеттің Еуропа және Орталық Азиядағы үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Ұйым Еңсебектің Qaznews24 парақшасындағы жазбада орыстарға қатысты қолданылған ән үшін қамауға алынғанын еске салды. Ал Еңсебектің адвокаты Жанара Балғабаева бұл айыптаулардың орынсыз екенін және Еңсебекті түрмеге жабу үшін «жай ғана сылтау» екенін айтты. Ол постта сатиралық жаңалық екені анық жазылған және Темірлан әннің авторы да, орындаушысы да емес дейді.

Qaznews24 парақшасы 2021 жылы ашылып, 67 000-нан астам оқырман жинады және сол жылы да Еңсебекке «жалған ақпарат таратты деген айыппен» іс қозғалған еді.

Ал Алматы полициясы Темірланның сатираға байланысты емес, «этникалық араздықты қоздыратын материал» жариялағаны үшін ұсталғанын хабарлаған.
18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Белсендінің жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді.

Бұған дейін International Partnership for Human RightsHuman Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген.

Журналист

Factcheck.kz