Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті тергеу барысында екі айға қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданды. Бұл туралы журналист Әсем Жәпішева хабарлады.
Оған 174-бап бойынша «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылған.
Белсендінің жақтастары істің саяси астары бар деп санайды. Бұл бап бойынша 2-7 мың АЕК көлемінде айыппұл не шектеу жазасы немесе 2-7 жыл түрме жазасы қарастырылған.
Белсендінің адвокаты Жанара Балғабаева Еңсебектің қамалуына ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық пост түрткі болған дейді. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.
17 қаңтарда полиция Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, уақытша ұстау изоляторына қамаған еді. 2021 жылы да белсендінің үстінен «жалған ақпарат таратты» деген айыппен іс қозғалған.
Басты беттегі сурет Qaznews24 парақшасынан алынған.