Қазақстан билігі Темірлан Еңсебекті босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға тиіс – Human Rights Watch

Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігі Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке тағылған айыптарды дереу алып, оны қамаудан босатуы керек деп мәлімдеді.

17 қаңтарда полиция 29 жастағы Темірлан Еңсебекті ұстап, үйіне тінту жүргізді. Келесі күні Алматы соты оны бір жыл бұрынғы жазбасына қатысты «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша екі айға қамауға алды.

«Мұнда қылмыс жоқ, тек биліктің заңды асыра пайдалануы бар. Қазақстан билігі негізсіз айыптауларды тоқтатып, Еңсебекті дереу босатуы керек», – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман.

Халықаралық ұйым блогердің Тина Канделакиге туралы постына іс қозғалғанын және Темірланды сот жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін екенін еске салды. Айтпақшы, Канделаки – Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі төмендеді деп мәлімдеген ресейлік тележүргізуші. Қоғам реакциясынан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі оның елге кіруіне тыйым салған.

Сот шешімінде постың нақты қай жерінде «араздықты қоздыру белгілері» бары көрсетілмеген. Алайда сарапшылар іс жазбадағы «Йоу, орыстар» атты әнге байланысты болуы мүмкін дейді. 21 қаңтарда полиция бұл әннің авторларын да анықтап жатқанын мәлімдеген. Ән мәтінінде орыс және өзбек ұлтына қатысты балағат сөздер кездеседі.

Human Rights Watch пікірінше, заң тек нақты зорлық-зомбылыққа, кемсітушілікке немесе жауласуға әкелетін жағдайларда ғана қолданылуы керек. Еңсебектің жарияланымы мұндай қауіп төндірмегендіктен, оған тағылған айыптар негізсіз.

Ұйым Қостанай, Ақтөбе, Астана, Семей, Алматы қалаларында Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан белсенділерді, сот олардың кейбіріне жаза қолданғанын да атап өтті.

«Қазақстан сөз бостандығы мен бейбіт митиң өткізу құқығын құрметтеуге тиіс. Сатира – қылмыс емес, блогердің қамауға алынуына қарсы шығу да – қылмыс емес», – деді Ритман.

Human Rights Watch және құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметі қылмыстық Кодекстің 174-бабына түзетулер енгізуі керек деп бірнеше рет мәлімдеген. Сарапшылардың айтуынша, бұл баптың анықтамасы тым жалпы әрі екіұшты болғандықтан, ол пікір білдіру, сөз бостандығы және бірігу құқығын шектеп, заңды пікірлер мен әрекеттерді қылмыс ретінде қарастыруы мүмкін.

Басты беттегі сурет Qaznews24 парақшасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz