5 жылда киберқылмыс 10 есе өсті ме?

11 мамырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева “киберқылмыс” туралы мәселе көтеріп, бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz депутат айтқан ақпарат қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:18:36)

Мәлімдеме: Бас прокуратураның мәліметінше, кейінгі 5 жылда киберқылмыс саны 10 есе өсті. Қазірдің өзінде 20 мыңнан астам эпизод тіркелген.

Дания Еспаева

Үкім: Шындыққа жақын

Депутат “киберқылмыс” дей отырып кредитке қатысты мәселе көтергендіктен, біз интернет-алаяқтық көрсеткішімен қатар төлем карталарын пайдалана отырып жасалған және кредит беру саласындағы құқық бұзушылық деректерін де қарастырдық.

Бас прокуратура расымен осындай дерек жазған. Прокуратураның әр жылға қатысты деректері құқықтық статистиканың ақпаратынан өзгеше болғанымен, қорытынды көрсеткіштері ұқсас. Құқықтық статистиканың дерегіне сай, интернет-алаяқтық, төлем карталарын пайдалана отырып жасалған және кредит беру саласындағы көрсеткіштер тек 2018 жылдан бері ғана жеке жүргізіледі, тиісінше, 2022 жыл аяқталмай жатып 5 жылдық көрсеткіш туралы айтуға ерте. Бірақ 4 жыл мен 4 айдағы деректер киберқылмыстың айтарлықтай өскенін көрсетеді, сондықтан депутат сөзі шындыққа жақын.

Құқықтық статистиканың дерегіне сай, 2018 жылдан бері тіркелген интернет-алаяқтықтың көрсеткіші он емес, ондаған есе артқан. Алайда 2018 жылғы мәліметтерге сақтықпен қарауымыз керек. Төлем карталарын пайдалана отырып жасалған қылмыс саны 10 есеге, кредит беру саласындағы құқық бұзушылық көрсеткіші 3 жылда 14 есеге өскен

Әр жылда тіркелген құқық бұзушылық көрсеткішін төмендегі инфографикадан көруге болады:

Одан бөлек, депутат “қазірдің өзінде” деп қай уақыт аралығын меңзегені түсініксіз. 2022 жылдың 4 айында интернет-алаяқтық бойынша 6 256, төлем карталарын пайдалана отырып істелген 97, кредит беру саласында 26 құқық бұзушылық (жалпы 6 379) тіркелген. Шамасы, депутат 2022 жылдың емес, Бас прокуратураның 2021 жылға қатысты мәліметтеріне сүйенген.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz