Фактчек | “Қазақтелекомның” 49%-і жекеменшік құрылымдар қолында ма?

Қаңтардың 19-да өткен Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Дания Еспаева тауарларды таңбалау мәселесін көтеріп, бірнеше дерек келтірген. Д. Еспаева “… “‎Ақ жол”‎ фракциясы мемлекет атынан енгізілетін міндетті төлемдер – ал бұл төлемдер, шын мәнінде, салықтар – неліктен жекеменшік компанияға – таңбалау операторына келіп түседі деген сұрақты қайтадан көтеруге мәжбүр” дейді. Factcheck.kz депутат келтірген деректің қаншалықты шын екенін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:30:07)

Мәлімдеме: Мәселен, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып 49%-і жекеменшік құрылымдарға тиесілі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы айқындалған.

Дания Еспаева

Үкім: Шындық

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 наурыздағы № 95 қаулысына сай, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы болып айқындалғаны рас. Ал 2022 жылғы қаңтардағы ақпаратқа сай, ақциясының 52,03%-і «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на, қалған 47,97%-і “жекеменшік құрылымға тиесілі” екені де шын. Толығырақ төменнен оқыңыз.

47,97% акцияны иемденіп отырған жекеменшік құрылымдардың 24,95%-і Skyline Investment Company S. A. компаниясына, 9,77%-і номиналды ұстаушы — BNY Mellon-ға, қалған 13,25%-і үлесі 5%-тен кем акционерлерге тиесілі.

Қызығы, Skyline Investment Company S. A. компаниясы туралы Қазақстанның ресми органдар базасынан ақпарат алу оның елімізде бейрезидент болғаны үшін мүмкін болмады.

Фактчек | "Қазақтелекомның" 49%-і жекеменшік құрылымдар қолында ма?
Egov.kz сайтының жауабы

Есесіне компания туралы ақпаратты Люксембург кәсіпкерлер регистрі (LBR) сайтынан табуға болады. Сайттағы ақпаратқа сай, компанияның жалғыз иесі Қайрат Сатыбалдыұлы деп көрсетілген. Оның аты-жөні мен туған жылы/айы/күні Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыныкіне сәйкес келеді. Компания 2018 жылы Sobrio Limited компаниясының акциясын сатып алған. Ал Sobrio Limited-тің иесі Александр Клебанов.

Фактчек | "Қазақтелекомның" 49%-і жекеменшік құрылымдар қолында ма?
LBR сайтындағы ақпарат

Бұл туралы толығырақ Azattyq.org сайтындағы әріптестеріміздің материалынан оқыңыз.

“Қазақтелекомның” акцияларының 9,77%-ін алып жатқан The bank of New York mellon DRS америкалық холдиң компаниясы Қазақстандағы Halyk Bank-тің шоғырландырылмаған номиналды акционері.

Ал “Қазақтелекомның” 5%-тен кем акциясы бар үлескерлер тізімі келесідей (2021 жылғы қаңтар):

Фактчек | "Қазақтелекомның" 49%-і жекеменшік құрылымдар қолында ма?
Үлесі 5%-тен кем үлескерлер тізімі
Дереккөз: Қазақтелеком

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz