Жеке деректердің тарап кеткеніне байланысты банктерде аудит жүргізіледі

Қазақстан банктерінде азаматтардың жеке деректерінің тарап кеткеніне байланысты аудит жүргізіледі. Жеке деректі қорғауға байланысты заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі осыған дейін енгізген ережелерді өзгертті. Құжат “Ашық үкімет” порталында жарияланды.

Жаңа ережеге бойынша, меншік иелері мен операторлар ақпараттық қауіпсіздік мақсатында кемінде жылына бір рет аудит жүргізуге тиіс.

Электрон ақпараттық ресурстарда сақталған жеке деректер Қазақстан аумағында орналасқан арнайы мәліметтер орталығында сақталуға тиіс.

Қазақстандықтардың жеке дерегінің тарап кетуі соңғы уақытта үлкен проблемаға айналды.

Бұған дейін кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) Қазақстан азаматтарының жеке дерегі тағы тарап кеткенін хабарлаған. Орталық мәліметінше, өткен аптада Telegram мессенджерінде қолданушы BreachForums атты хакерлер форумындағы деректің бәрін желіге жария еткен.

Форум 2022-2023 жылдары зиян тигізетін бағдарламалар мен ұрланған деректерді сатумен танымал болған. Оған Қазақстаннан 15 хакер тіркелген.

Factcheck.kz