Жапонияда ер адамның жалақысы әйелінің шотына түсе ме?

Интернетте “Жапонияда ер адамның жалақысы әйелінің банк картасына түседі” деген ақпарат тарап жүр (1 ,2, 3, 4). “Проверено” фактчекерлері мәлімдемені тексеріп көрді.

Жапондардың бұл салты туралы ақпарат ресейлік ресурста жақында пайда болған. Google іздеу жүйесінің нәтижесіне сенсек, мұндай хабарламалар 2015 жылға дейін болмаған. Фактчекерлер 2015 жылғы 13 наурызда жарияланған Полина Кацуроның жазбасын тапты. Полина Кацуро көп жылдан бері Жапонияда тұрады, тіпті осы ел туралы кітап шығарған. Ол өзінің постында жапон әйелдердің әңгімесіне сүйеніп, сол елдің отбасы институтын баяндайды. Блогер “дәстүр бойынша, бұл елде ер адамның айлығы әйелінің банк картасына жіберіледі” деп мәлімдеді.

Оған қоса фактчекерлер “Мир” телеарнасының Мәскеудегі Жапония аптасының аяқталуына арналған 2019 жылғы репортажын тапты. Онда сюжеттің бас кейіпкері, Күншығыс елінің тұрғыны Мария Григорьева былай дейді: “Әр айдың 25-і күйеуімнің жалақысы картама түседі. Бұл – жапон отбасында қалыпты нәрсе”. Мұны оның күйеуі де растап, отбасы қаржысын әйелі басқаратынын, несие және басқа да төлемді ойлап бас қатырмайтынын айтады.

Мария Григорьеваның сөзін екі түрлі тәпсірлеуге болады: Мария тікелей жұмыс беруші емес, күйеуі жалақысы түсе салғанда, бірден әйеліне аударатынын айтқан болуы мүмкін. Ал көрермен оның сөзін басқаша түсінсе керек. Бірақ дәл осы сюжеттің желіде тараған ақпаратқа себеп болып-болмағаны белгісіз.

Дегенмен “Жапониядағы ер азаматтың көбі жалақысын әйелдеріне береді” деген ақпарат шындыққа жақын. Мысалы, 2012 жылы BBC бірнеше жапонның оқиғасын жазған. Олар табысының көп бөлігін әйеліне беріп, өзіне аз сома қалдыратынын айтқан. Мақалада Softbrain Field компаниясының зерттеуіне сілтеме көрсетілген. Зерттеу мәліметінше, жапон отбасыларының 74%-і осы салтты ұстанады.

Ал 2023 жылы Германия мен Жапония ғалымдары бұл феноменді зерттеп көрді. Олардың пікірінше, Жапонияда отбасы қаржысын көбіне әйелдер басқарады, сондықтан 1970 жылдары қалада тұратын жапон әйелдерінің 97%-і және ауылда тұратын әйелдердің 66%-і күйеуінің тапқан ақшасын алып отырған. Ал жұбайларына жеке шығыны үшін аз бөлігін қалдырған. Мұны олар “окозукай” дейді. 2019 жылы бұл статистика әлдеқайда төмендеді, бірақ жапондықтың 50%-іне әлі күнге дейін осы әдіс бойынша өмір сүру ыңғайлы екен.

The Japan Times журналистері 2011 жылғы мақаласында бұл жүйе туралы тарқатып жазды. Жапонияда “хэсокури” деген ұғым бар. Бұл “әйелдердің өз қажеті үшін күйеуінен ақша тығып қоюын” білдіреді. Мақаладағы ақпарат бойынша, Жапонияның Азаматтық кодексі ерлі-зайыптыға ортақ банк картасын ұстауға рұқсат бермейді, сол себепті табыс көзі жоқ үй шаруасындағы әйелдер ақшаны күйеуінің картасынан алуға мәжбүр. Оның үстіне, қоғамда “күйеуі ақша тапса, ақша – соныкі” деген пікір бар. Ал хэсокури ұрлық болып саналуы мүмкін.

Блогер Марина Чижова Жапонияда 20 жылдан бері тұрады және бұл ел жөнінде екі кітап басып шығарған. “Ішкі Жапония” еңбегінде ол жапондық ерлер әйелдеріне жалақасын беруді әдетке айналдырғанын, бірақ жұмыс беруші қызметкерінің айлығын оның әйелінің шотына аудармайтынын жазған. Себебі бұл салық мәселесіне әсер етуі мүмкін.

Жапониядағы өмір туралы айтатын ToriChyanChannel деген Youtube арнасының авторы да дәл осылай айтты. Блогер 11 жыл бұрын Украинадан көшіп барып, жапон жігітіне тұрмысқа шыққан. Видеоларының бірінде ол Марина Чижова сияқты “күйеуінің жалақысы әйелінің шотына түседі” деген мәлімдемені жоққа шығарады.

Осылайша, “Жапониядағы жұмыс берушілер қызметкерінің жалақысын оның әйелінің шотына жібереді” деген мәлімдеме жалған. Бірақ жапондық ер азаматтың көбі өз қалауымен айлығын әйеліне беріп қоятыны рас.

Factcheck.kz