Вермахт офицерлері соғыстан кейін НАТО-да жоғары лауазымға ие болғаны рас па?

Интернетте “Үшінші Рейхтің сегіз сарбазы соғыстан кейін жазадан құтылып қана қоймай, Солтүстік Атлантика альянсында маңызды тұлғаларға айналған” деген ақпарат бар. “Проверено” фактчекерлері деректі тексерді.

Бірқатар медиа мен желіде сегіз офицердің суреті мен оларға қатысты ақпарат тараған (1, 2, 3). Ондағы ақпар бойынша, Адольф Хойзингер мен Йоханнес Штайнхофф НАТО әскери комитетінің төрағалары болған (1961–1964 жылдары және 1971–1974 жылдары). Ал Ханс Шпейдель (1957-1963), Иоганн фон Кильмансег (1967-1968), Эрнест Фербер (1973-1975), Карл Шнелл (1975-1977) және Фердинанд фон Зенгер унд Эттерлиң (1979–1983) Орталық Еуропадағы НАТО күштерінің бас қолбасшылары қызметін атқарған. Ал Франц Йозеф Шульце 1977 жылдан 1979 жылға дейін НАТО кеңесінде істеген деседі (бірақ ағылшын тіліндегі фотода оны да Орталық Еуропадағы альянс күштерінің бас қолбасшысы деп атаған).

Вермахт офицерлері соғыстан кейін НАТО-да жоғары лауазымға ие болғаны рас па?

Фактчекерлер аты атылған адамдардың өмірбаянын зерттеп, мынадай мағлұмат тапты:

Адольф Хойзингер фашистік Германия әскерінің бас штабында операциялық бөлімнің бастығы болды. Ол Вермахтың осы бөлімшесінің әскери операцияларын жоспарлаған. 1944 жылғы 20 шілдеде генерал-лейтенант Хойзингер құрлық әскерлері бас штабының басшысы ретінде Хитлердің штаб-пәтеріндегі жиналысқа қатысты. Ол фюрердің жанында тұрғанда бомба жарылған. Ол бомбаны полковник фон Штауффенберг қойған. Хойзингер жарылыстан жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Кейін оны фашистік Германияның гестапосы, яғни құпия полициясы “қастандыққа қатысы бар” деген күдікпен қамауға алды. Ешқандай делел табылмаған соң, қазанда босатты.

Орталық барлау агенттігінің құпиясы ашылған құжатында былай делінген: “1945 жылғы мамырда АҚШ әскеріне тапсырылғаннан кейін Хойзингерді тұтқындалған, саяси іспен айналысқан ресейлік офицерлер мен одақтағы елдердің десантшыларының тағдырын шешкен кейбір бұйрыққа қол қойғанын және мақұлдап жібергенін әскери қылмыс санап, жауапқа тарту мәселесі талқыланды. Алайда Хойзингердің Нюрнбергте ынтымақтасуға дайын екені және бұйрықты жіберетін кезде тек қол қойып отырғаны ескеріліп, ешқандай шара қабылданбады. Оған қоса Хойзингер 1945 жылдан 1948 жылға дейін АҚШ-тың бас прокурорының кеңсесінде Нюрнбергтегі әскери қылмыс мәселесі бойынша тегін кеңес беріп жүрді”.

Германия федеративтік республикасы құрылғаннан кейін Хойзингердің мансабы өсті. 1950 жылы ол Аденауэр канцлерінде әскери кеңесші болса, бірнеше жылдан кейін генерал дәрежесіне көтерілді және Бундесвердің бірінші бас инспекторы болды. 1961 жылы Хойзингер Уошиңтондағы НАТО әскери комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл – альянсқа мүше елдердің қарулы күштері бас штабының басшылары кіретін НАТО әскери құрылымының жоғары органы. Осылай, Хойзингерге қатысты ақпарат рас.

Йоханнес Штайнхофф – люфтваффтегі ең табысты адамның бірі. Ол 1945 жылы апатқа ұшырап, бетін қатты күйік шалып, екі жыл ауруханада жатты. 1954 жылы Германия үкіметі оны НАТО құрамындағы неміс әуе күштерін қалпына келтіруге көмектесуге шақырды. Кейіннен Штайнхофф генерал дәрежесіне дейін көтерілді және 1971 жылы альянс құрылымдарында Хойзингер сияқты көп жыл бойы жұмыс істеп, НАТО әскери комитетін басқарды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде “Б” әскери тобының басшысы Ханс Шпайдель 1944 жылы “Хитлерге қастандық жасады” деген күдікке ілінді. Алайда оның қылмысын дәлелдейтін айғақ табылмады. Соған қарамастан Шпайдель жеті ай қамауда отырды және одақтастарының әскерінің арқасында бостандыққа шықты. Германия федеративтік республикасы құрылған соң, Бундесверді құруға ат салысты. Генерал шеніне ие болды, ал 1957-1963 жылдары Орталық Еуропадағы НАТО-ның құрама құрлық күштерінің қолбасшысы қызметін атқарды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Берлиндегі бас штабтың полковнигі Иоганн фон Кильмансег те 1944 жылы Хитлерге қарсы жасалған қастандық туралы білгендердің қатарында болған, бірақ дәлел жоқ болған соң, жазадан құтылған. Полкті басқарып жүргенінде батыстық одақтастардың қолына түсіп қалды. Ал босап шыққаннан кейін бірнеше жыл өз мамандығынан тыс жұмыс істеген. Бундесверді құруға белсене қатысты, кейін Батыс Германияның НАТО жанындағы әскери өкілі қызметін атқарды, ал 1967 жылы генерал шенімен Орталық Еуропадағы НАТО күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды (Еуропадағы альянс офицерлерінің иерархиясының екінші жоғары деңгейі).

Эрнест Фербер Вермахтың қолбасшылық ететін Жоғарғы бөлімінде жетекші лауазымда болған. Ол да соғысты подполковник шенімен аяқтаған. Америкалықтардың қамауынан босаған соң, немістердің барлау қызметінде істеді. Бундесверді де құруға қатысты, ал 1973 жылы Кильмансег сияқты генерал шенімен Орталық Еуропадағы НАТО күштерінің бас қолбасшысы атанды.

Карл Шнелль – Вермахтың 76-танк дивизиясының бірінші офицері. Америкалықтардан және екі лагерден босап шыққаннан кейін екі жыл жеке секторда істеді. 1956 жылы Бундесверде түрлі лауазымда болды. 1975 жылы Эрнест Фербердің орнына Орталық Еуропадағы НАТО күштерінің Жоғарғы қолбасшысы атанды.

Франц-Иосиф Шульц Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғары лауазымдарды атқармады, бірақ майданның маңызды секторында британиялық танк шабуылына тойтарыс берген батарея командирі ретінде ерекшеленді. Ол да тұтқын болды. Кейін ол да Бундесвер мен НАТО әскери құрылымдарында мансабын құрды. Франц-Иосиф Шульц генерал дәрежесін алды. 1977 жылы Шнеллдің ізбасары ретінде Орталық Еуропадағы альянс күштерінің бас қолбасшысы ретінде тағайындалды.

Фридолин фон Зенгер унд Эттерлиң – танкпен жүретін әскердің генералының ұлы. Ол 1944 жылы ң қолынан айырылғаннан кейін майданды тастап, құрлық әскерлеріне қолбасшылық ететін Жоғарғы тобында адьтант болды. Тұтқында болды. Ол жерден босаған соң, заң саласында істеді. 1956 жылы жаңадан құрылған бундесверге қосылып, танктерді сынауға қатысты. Оның НАТО-ның әскери құрылымдарындағы көп жылдық жұмысының арқасында генерал дәрежесіне және 1979 жылы Орталық Еуропадағы альянс күштерінің бас қолбасшысы лауазымына ие болды.

Осылайша, фактчекерлер көпшілік арасында тараған ақпарат кей сәйкессіздікке қарамастан, рас деген қорытындыға келді.

Factcheck.kz