Украина ХАМАС содырларына қару-жарақ жіберді: видео қаншалықты рас?

2023 жылы қазанда ХАМАС қозғалысының содырлары Украинаға қару жібергені үшін алғыс айтып жатқан видеосы тарады. “Проверено” басылымы бейненің қаншалық шынайы екенін тексеріп көрді.

12 секундқа созылған видеода қару-жарақ пен оқ-дәрілер бейнеленген. Оған қоса кадр сыртында бір адам арабша сөйлеп жатады. Онда ол: “Бізге осы қаруды сатқан украиналық әскерге алғыс айтамыз. Біз оны сізге, жауларымызға, Израильге қарсы қолданамыз”, – дейді. Бұл кадр бірнеше жерде тарады (1, 2, 3).

Украина ХАМАС содырларына қару-жарақ жіберді: видео қаншалықты рас?
Желіде тараған ақпараттың бірі

Бейнедегі адамның арабша сөйлеп жатқаны, Украинаға алғыс білдіріп жатқаны рас. Алайда видеоның қашан және қай жерде түсірілгенін анықтау мүмкін емес. Оған қоса ондағы араб тіліндегі дауыстың видеоның түпнұсқасында болып-болмағанын да айту қиын. Видеоның хамастықтарға қатысы бар екенін растайтын белгі жоқ.

Видеоны әскери тақырыптарға қатысты эксперт Илья Әбішев зерттеп көрді. Оның айтуынша, роликте М-4 автоматы, М2 және М240 пулеметтері және болжам бойынша, BREN 2 винтовкасы және танкке қарсы Javelin жүйесінің түтігі бейнеленген. Ал қару-жарақ жөніндегі маман Гига Инашвили онда Javelin емес, NLAW кешенінің түтігі болуы мүмкін екенін айтады.

Мұндай қару-жарақ Украинаға 2022 жылғы ақпанда Ресей басып кіргеннен кейін одақтастар арқылы жеткізілді. Дегенмен Les Observateurs фактчекерлеріне сарапшылар видеода көрсетілген қару-жарақты ХАМАС содырларының қолынан байқамағанын айтты.

Қорыта айтқанда, талданып жатқан видеодағы қару-жарақтың ХАМАС содырларына тиесілі екенін, оны оларға Украинаға жібергенін, Украина мен ХАМАС қозғалысының байланысын дәлелдейтін дерек жоқ. Бұл ақпаратты алғаш орыс тіліндегі ресурс таратқан, бірақ дереккөзге сілтеме көрсетпеген.

Factcheck.kz