Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен АЭС-тың жарылғаны рас па?

Facebook-те 2023 жылғы 6 ақпанда Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі салдарынан атом электр станциясының жарылғаны туралы видео жарияланды. FullFact фактчекерлері бейнені тексеріп көрді.

Видеоның ұзақтығы — 5 секунд. Кадрдан әуелі ғимарат-порт кешенінің бір бөлігінің үстінен шыққан қалың түтінді, кейін ондағы жойқын жарылысты көруге болады.

Шын мәнінде, бұл — Ливанның астанасы Бейрут портындағы қоймадағы жарылыстың кадрлары. Ол 2020 жылғы 4 тамызда болды. Facebook-тегі видеоны Sky News басылымы екі жыл бұрын таратқан.

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, Түркияда құрылыстың әртүрлі кезеңіндегі төрт атом электр станциясы бар. Алайда олардың ешқайсы әлі қолданылмайды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, құрылысы аяқталуға жақын “Аккую” электр станциясы жер сілкінісінен зардап шекпеген.

Factcheck.kz