Темірлан Еңсебектің ісі Наурызбай аудандық сотына ауыстырылды

Алматының Алмалы аудандық соты Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің сотын Наурызбай аудандық сотына ауыстырды. Судья адвокаттың бұлтартпау шарасын өзгерту, Еңсебекті бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Сот процесі оффлайн өтті, оған Еңсебектің өзі онлайн қатысты. Судья сот отырысының алдында Темірлан Еңсебекке адвокатымен сөйлесуге мүмкіндік бермеген. Белсендінің сотқа оффлайн қатыспауын «гибридті формат» деп түсіндірген. Прокурор істі Наурызбай аудандық сотына ауыстыруды сұрады. Оның сөзінше, «қылмыс жасалған уақытта Еңсебек үйінде, Наурызбай ауданында болған».

Бастапқыда Еңсебектің соты 14 ақпанға белгіленген, бірақ сот ісіне жарты сағат қалғанда 21 ақпанға шегерілді. Сол күні сот тағы да кейінге қалдырылды. Ендігі сот отырысы қай күні өтетіні белгісіз.

Контекст

18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген. Бұл материал 2024 жылғы 21 қаңтарда жарияланған постқа қатысты, онда ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстандағы орыс тіліне қатысты даулы мәлімдемесі сыналған. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. 13 ақпанда халықаралық Amnesty International ұйымы да оның босатылуын талап етті.

Журналист

Factcheck.kz