Facebook-те “Әйгілі америкалық актриса Скарлетт Йоханссон Владимир Лениннің әйелі — Надежда Крупскаяның шөбересі” деген ақпарат тарады. Онда дәлел ретінде олардың түрлері ұқсайтыны айтылған және қазақстандық Webinfo.kz ресурсының материалына сілтеме берілген. Factcheck.kg фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.
Фактчекерлер Владимир Ленин мен Надежда Крупскаяның балалары болмағанын ескеріп, актриса мен саясаткер әйелінің туыстық қарым-қатынасы туралы жаңалықтың алғашқы дереккөзін табуға тырысты.
Қазақстандық Webinfo.kz ресурсының материалында олардың туыстық байланысын британиялық ғалымдар анықтағаны жазылған:
Надежда Крупская мен Скарлетт Йоханссонның туыстық қатынасы туралы күдік расталды. Мұны Кембридж институтының ғалымдары анықтады. Зертхана әлемге әйгілі Ротшильд гендік банкінің берген биоматериалдарын зерттеді. Скарлетт Йоханссонның өзі Надежда Крупскаямен туыстығын тексеру үшін ДНҚ сынағын тапсырғаны белгілі болды.
Материалда дәлел ретінде актрисаның сөзін келтірген, дегенмен дереккөзге сілтеме бермеген: “Таңғаларлық жайт, дегенмен осылай болуы мүмкін екенін білдім. Жақында бір кинода Крупскаяны сомдадым. Сол кезде оның көзқарасы маған жақын екенін сездім. Осы нәрсе америкалық ғалымдарға жүгінуіме себеп болды. Нәтижесінде бұл кездейсоқ жағдай емес, шын болып шықты”.
Ашық ресурстардан актрисаның қандай фильмдерге түсіп-түспегенін білуге болады. Мысалы, кинематографияға қатысты әлемдегі ең ауқымды мәліметтер базасы – IMDb (Internet Movie Database) веб-сайтындағы мәліметке сәйкес, Йоханссон Крупскаяны ешқашан сомдамаған.
Сонымен қатар фактчекерлер Webinfo.kz ресурсы ақпаратты сатиралық “Панорама” басылымына сүйеніп жазғанын анықтады. Олар 2018 жылы “Британиялық ғалымдар Надежда Крупская мен Скарлетт Йоханссонның туыстығын растады” деген материал шығарған.