“Сиырлар акулаға қарағанда көп адам өлтірген” деген ақпарат бар. Snopes фактчекерлері деректі тексеріп көрді.
Бұл ақпарат алғаш 2013 жылы “Нағыз кісі өлтірушіден қорқыңыз” деген сипатта жарияланған (мұнда, мұнда және мұнда). Кейін мағлұмат бірнеше тілге аударылып, кеңінен тараған.
Осы тақырыпта бірқатар танымдық мақала жазылды. Мысалы, Discovery телеарнасында былай делінген: “Жыл сайын акулалар шамамен бес адамды өлтірсе, жылқылар шамамен 20 адамның, сиырлар шамамен 22 адамның өліміне себеп болады. Қолтырауындар жылына 1 000 адамды жейді. Масалар безгек ауруын таратып, акулаларға қарағанда жүз мыңға көп адамды өлтіреді”.
Акулалардың шабуылдауына қатысты халықаралық дерекқордың (ISAF) мәліметінше, 2022 жылы тек бес акуланың шабуылы өлімге әкелген. 2013 жылы дүниежүзінде акула салдарынан 10 адам қайтыс болды, бұл 2003-2012 жыл аралығындағы орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Дәл осы көрсеткіш мемнің шығуына себеп болуы мүмкін. ISAF мәліметінше, кейінгі он жылда акула салдарынан болатын өлім азайған. Бұл статистика жағажайдағы қауіпсіздік деңгейінің, медицина қызметінің және халықтың қауіпсіздікке қатысты сауатының артқанын көрсетеді.
Ал бірқатар басылымның сиырларға қатысты ақпараттары АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу департаментінің (CDC) 2003-2007 жылдар аралығы ұсынған дерегіне негізделген. Осы уақыт аралығында тек АҚШ-та жылына орта есеппен 22 адамға сиыр шабуылдап, қайтыс болған. Өлімнің жартысына бұқалар, төрттен біріне сиырлар жеке, ал тағы бір ширегіне бірден бірнеше сиыр шабуылдаған.
Қайтыс болғандардың басым бөлігі – 60 жастан асқан (67%) ер адамдар (95%). Жануар көбінің басынан не кеудесінен соққан. Қайғылы жағдайдан қайтыс болғандардың кейбірі (33%) жабық үй-жайдағы малды қараған, 24%-і малды жаюмен, 14%-і оларды тиеумен айналысқан, 14%-і оларға шөп беріп жатқан.
Фактчекерлер сиырлардың жылына қанша адамды өлтіретініне қатысты жаһандық статистиканы таба алмады. Дегенмен осы тақырып аясында Ұлыбританияда, Швецияда зерттеу жүргізілгенін анықтады. АҚШ және басқа елдерден алынған, қолда бар ақпаратқа сенсек, сиырлар акулаға қарағанда көп адамның өліміне себеп болады екен. Сондықтан көпшілік арасында тараған мәлімдеме рас.