2023 жылғы маусымның соңында “швед депутаты Стокгольмдегі мешіттің жанында мұсылмандардың қасиетті кітабы — Құранды өртеп жіберген Ирактан келген иммигрантты Нобель марапатына ұсынғалы жатыр” деген хабар тарады. “Проверено” басылымы фактчекерлері ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.
2023 жылғы 28 маусымда, Құрбан айт мейрамының бірінші күнінде, 37 жастағы ирактық босқын Салван Момика Стокгольмдегі бас мешіттің жанында “Құран” кітабын жыртып, өртеп жіберді. Полиция акцияны қадағалап тұрды. Алғашында Момиканың акциясы қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін әрекет болып саналған, бірақ кейін сот ирактық азаматтың акциясы сөз еркіндігін шектейтіндей қауіпті емес екенін мәлімдеді. Швецияның премьер-министрі Ульф Кристерссон іс-шараның “Заңды, бірақ орынсыз” екенін айтты.
Келесі күні әлеуметтік желі мен медиада “Салван Момика Нобель сыйлығына ұсынылды” деген жаңалық тарады. Оны швед депутаты Андре Овстегард ұсынған деседі (1, 2, 3, 4, 5).

Андре Овстегард деген депутаттың бары рас. Оның толық аты-жөні — Фредди Андре Овстегард, бірақ ол шведтің емес, норвег саясаткері. Ол 2017 жылдан бері жергілікті парламентте қызмет атқарады. “Проверено” фактчекерлері норвег депутатының Салван Момиканы Нобель марапатына ұсынғаны жөніндегі ресми мәлімдемесін де, ол туралы жазған сенімді, белгілі дереккөзді де таппады. Оның үстіне, 29 маусымда Овстегард өзінің Facebook парақшасында “еңбек демалысына” кеткенін жазған.
Салван Момикаға қатысты бұл ақпараттың ең ерте шыққан мерзімі — 2023 жылы 29 маусым. Оны “А вот мой яндекс кошелек” деген Telegram арнасы жариялады. Дегенмен бұл арнаның сипаттамасында: “Пародия, саяси шындыққа сатира. Тек тексерілген фейктер” делінген. Басқа медиа әзіл ретінде жазылған ақпаратты шын деп ойлап қалған болса керек.
Сонымен қатар 2019 жылы депутат Овстегард екі әріптесімен бірге шведтің экобелсендісі Грета Тунбергті Нобель сыйлығына ұсынған. Көпшілік осы екі жаңалықты шатастырып алуы да мүмкін.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.