Сенатор азаматтарды SIM-карта тіркегенде биометриялық верификациядан өткізуді ұсынды

Сенат депутаты Жанна Асанова киберқылмыспен күресу үшін SIM-карталарды тіркеу кезінде азаматтардың биометриялық және анкеталық верификациясын заң жүзінде бекіту қажет деп есептейді. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.

«Абоненттік құрылғыларды тіркеу процесін қатаңдату керек. SIM-карталарды тіркеу кезінде биометриялық және анкеталық верификация енгізу – мобильді нөмірлерді қылмыстық мақсатта аноним пайдалануды қиындатады. Сонымен бірге қылмыскерлерді іздеу мен ұстауды жеңілдету үшін нақты абоненттік деректер базасын жасау қажет. Құқық қорғау органдары үшін қосымша абоненттік профиль базасын қалыптастыру маңызды», – деді Асанова премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен бірге, сенатор SIP-телефонияны лицензиясы бар қызмет түрлерінің тізіміне енгізу қажеттігін айтты. Бұл оның қолданылуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек:

  • SIM-бокстарды елге әкелуге бақылау орнату және оларды қылмыстық схемаларда пайдалануды шектеу үшін импортты заңды түрде реттеу;
  • SIP-телефония мен SIM-бокстарды заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту ұсынылды.

Киберқылмыс күн сайын өсіп келеді

Депутаттың айтуынша, интернет-алаяқтық жағдайлары күн сайын көбейіп келеді. Оның сөзінше полиция қылмыстың себептерімен емес, салдарымен күресіп отыр.

Қолданыстағы «Байланыс туралы» заң бойынша абоненттік құрылғыларды міндетті түрде тіркеу қажет. Алайда, іс жүзінде бұл талап орындалып жатқан жоқ.

«Қазіргі тіркеу жүйесінде абонент SMS арқылы өзінің ЖСН-ін (Жеке сәйкестендіру нөмірін) көрсетеді, бірақ иесінің нақты тұлғасы расталмайды. Сондықтан кез келген адам бөтен біреудің ЖСН-ін енгізіп, телефон нөмірін қылмыстық әрекеттерге пайдалана алады», – деп түсіндірді сенатор.

SIM-бокстар – алаяқтардың негізгі құралы

Депутаттың сөзінше, алаяқтар SIM-бокстар деп аталатын құрылғыларды жиі пайдаланады. Олар бір мезетте жүздеген SIM-картаны іске қосуға мүмкіндік береді.

«SIP-телефония, SIM-бокстар және басқа құрылғылар мониторинг жүйесін айналып өтуге, жалған геолокация мен IMEI-кодтар жасауға, виртуал аккаунттар құруға және қарапайым қоңырауларды интернет-сигналға айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Асанова.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда SIP-телефонияны кез келген адам еркін қолдана алады, ал SIM-бокстар елге ешқандай шектеусіз әкелінеді. Ол SIM-бокстар бір күнде 2 миллион минуттан астам алаяқтық қоңырау жасай алады және тәулігіне 200 SIM-картаны ауыстыруға қабілетті деп мәлімдеді.

Осыған байланысты депутат Олжас Бектеновтен «Байланыс туралы» заңның 36-бабының 2-тармағына қажетті түзетулер енгізуді сұрады.

Контекст

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда әрбір үшінші қылмыс алаяқтық болып шыққан. Ал жақында полицейлер интернет-алаяқтардың байланыс орталығын анықтап, техникалық құрал-жабдықтарды тәркіледі.

Журналист

Factcheck.kz