Пентагондағы жарылыс бейнеленген фото шынайы ма?

Жақында Twitter-де Пентагондағы жарылыс бейнеленген фейк фото тарады. Сурет жасанды интеллект арқылы жасалған болып шықты. Ресми өкілдер фотоның жалған екенін мәлімдегенше, Нью-Йорктағы қор биржасы құлдырап үлгерді. Құнды қағаздар нарығындағы қысқа мерзімді дүрбелең туралы Bloomberg және The New York Times жазды.

SecurityLab мәліметінше, фейк фото алғаш 22 мамырда жарияланды. Оның аз уақыт ішінде кеңінен тарағаны соншалық, АҚШ үкіметі суретті дезинформация ретінде жоққа шығаруға мәжбүр болды. “Жалған ақпарат таратты” деп айыпталған Twitter парақшалары қатарында Bloomberg News-тің де фейк аккаунты бар болып шықты. Қолданушылар парақшаның арнайы көк белгісі бар болғандықтан сенімді дереккөз деп ойлауы мүмкін.

Алайда Bellingcat зерттеушісі Ник Уотерс: “мұндай оқиғаны шын сияқты жасау өте қиын, тіпті, мүмкін емес“, – деді. Оның айтуынша, суреттің фейк екенін бірнеше жерінен байқауға болады: ғимараттың фасады мен қоршауы көпшілікке арналған тосқауылмен бірігіп кеткен.

Сонымен қатар интернетте мұндай маңыздың оқиғаның басқа фотолары болмағаны да күмән тудырады.

Бұл жағдай ақшаға арнайы көк белгіні сатып алуға мүмкіндік беретін Twitter-дің Blue бағдарламасына қатысты мәселені шиеленістірді. Платформа Bloomberg-дің фейк парақшасын бұғаттады, бірақ көпшілік арасында тараған фотоның қайдан шыққаны әлі белгісіз.

The New York Times газетінің хабарлауынша, сарапшылар суреттің жалған екенін растағаннан кейін нарық қайта қалпына келді. Бірақ бұл жағдай үкіметтің жасанды интеллектіні мемлекеттік деңгейде реттеуге, бағындыруға деген құлшынысының артындағы ең үлкен қорқыныштың бірін суреттеді: технология қоғамда дүрбелең тудыруы ықтимал және жалған ақпарат таратуға мүмкіндік беретін құралға айналы мүмкін.

Factcheck.kz