Оңтүстік Кореяда иттің етін жеуге тыйым салатын заң қабылдана ма?

Әлеуметтік желіде Оңтүстік Корея билігі иттің етін тұтынуға тыйым салатын заң қабылдап жатқаны туралы ақпарат тарады. Factcheck.uz сайтындағы әріптестеріміз мағлұматтың рас-өтірігін тексерді.

«Мемлекеттік статистика бойынша, Оңтүстік Кореяда ит етінен жасалған өнімдерді сататын шамамен 1 150 ит фермасы, 34 ет өңдеу зауыты, 219 дистрибьютор және шамамен 1 600 мейрамхана бар», – делінген хабарламада.

Иттің етін тұтыну — корей халқының бірнеше ғасырдан бері келе жатқан мәдениеті. Дегенмен кейінгі жылдары кореялықтардың көзқарасы өзгеріп келеді. Жануарларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйым 2020 жылы сауалнама жүргізген. Оған қатысқан респонденттің басым бөлігі ешқашан иттің етін жемегінін айтқан. Оған қоса авторлар Оңтүстік Кореяда иттің етінен жасалған тағамдарды сататын мейрамханалардың азайғанын анықтаған. Ал сауалнамаға қатысқанның 60%-і елде иттің етін тұтынуға толық тыйым салу керек деп есептейді екен.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда иттің етін жеуге, тұтынуға тыйым салынбаған. Дегенмен 2023 жылы 7 қарашада Ұлттық ассамблеядағы брифиңде Оңтүстік Корея үкіметі бір жыл ішінде ит етін тұтынуды тоқтату үшін арнайы заң шығаруға шешім қабылдады.

Арнайы заң қабылданған соң, иттерді союға, азық ретінде оларды өсіріп, сатуға толық тыйым салынады. Оған қоса бұл елде кинологиялық фермалар мен басқа да нысандарды жабуға үш жылдық жеңілдік кезеңі қарастырылып жатыр.

Factcheck.kz