Интернетте “Nike компаниясы логотип жасап берген дизайнерге небәрі 35 доллар төлеген” деген ақпарат тарады. “Проверено” фактчекерлері дүниежүзіне танымал логотипке қатысты деректі тексерді.
Бұл оқиғаны бірқатар спорт порталы, бизнес, дизайн ресурсы жариялады (1, 2, 3, 4).
Әлемге кеңінен танылған белгі туралы Nike уеб-сайтында баяндалған. 1971 жылы брендтің негізін қалағандардың бірі Фил Найт Портленд университетінің графикалық дизайн мамандығында оқитын студент Кэролайн Дэвидсонды компания сатпақ болған кроссовканың логотипін салдыру үшін жалдады. Ол оған сағатына 2 доллар төлеуге уәде берді.
Дэвидсон логотиптің бірнеше нұсқасын жасаған, бірақ Найтқа ешқайсы ұнамаған. Дегенмен оның көп уақыты болмаған сол свушты негіз етуге келісті. Сөйтіп Дэвидсон, шынымен-ақ, 17 сағатқа созылған жұмысы үшін 35 доллар алды (инфляцияны ескерсек, 2023 жылы бұл сома шамамен 260 долларға тең).
Оған қоса дизайнер бір сұхбатында логотип үшін азды-көпті қаламақы алғанын айтты. Өзінің айтуына қарағанда, Nike-қа жасаған жұмысы оның мансабының бастамасы болған және бұл тәжірибесі болашақта көп септігін тигізген. Ол университетті тәмамдаған соң бірнеше жыл компанияда қызмет атқарды. Ал 1983 жылғы 15 қыркүйекте сол кездегі Nike президенті Боб Вуделл дизайнерді түскі асқа шақырады. Шын мәнінде, ол түскі ас емес, дизайнердің құрметіне тосынсый ретінде ұйымдастырылған кешкі мерекелік іс-шара еді. Онда оған пішіні логотипке ұқсас гауһар тасы бар алтын жүзік, Nike-тың акция пакетін тарту етті.
Кейбір БАҚ Фил Найттың директорлар кеңесінің алдында сөйлеген сөзіне сілтеме жасап, сол күні Дэвидсонның 500 акцияға ие болғанын атап өтті. Ол кезде бір құнды қағаздың бағасы — 25 цент. Дизайнер оны бірден сатса, 125 долларға ие болар еді (инфляцияны ескерсек, бұл сома — қазір 381 доллар). Сол кештің видеосында қызметкердің бірі бағалы қағаздың одан қымбат екенін, шамамен 150 доллар екенін айтты. Дегенмен мұның өзі де көп ақша емес.
2023 жылғы 6 шілдеде Nike компаниясының бір құнды қағазы 104 доллар тұрады. Компания 1983 жылдан бері алты рет сплит жасады: құнын пропорционал түрде азайтып, акцияны бірнеше бөлді. Сол себепті қазір дизайнерде 500 емес, 32 000 акция бар болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оның бағасы — 3,3 миллион доллар. Дегенмен дизайнер акциядағы өзгерістерден соң оның бір бөлігін сатып жіберген, бірақ қаншаға, қазіргі жағдайы қандай екенін нақты айта алмаймыз.
Осылайша, Nike компаниясының логотип үшін дизайнерге 35 доллар төлегені рас. Дегенмен оған кейін қосымша сый берілген.