Nature авторлық мақалада ЖИ жасаған контентті қолдануға тыйым салды

Nature ғылыми журналы жасанды интеллект арқылы жасалған суреттер мен видеолар бар мақала мен зерттеулерді жарияламайтынын мәлімдеді. Тыйым зерттеудің тұтас, ашық болуы және зияткерлік меншікті қорғау үшін енгізіліп отыр. Бұл туралы SecurityLab хабарлады.

“Болашақта Nature жасанды интеллект құралдары арқылы ішінара не толық жасалған сурет, видео, иллюстрацияны жарияламайды. Тек жасанды интеллект туралы мақалаларға рұқсат етіледі”, – деді басылым.

Басылым бұл шара олардың этика принциптеріне байланысты қабылданғанын айтады.

Мәлімет пен суреттің қаншалық нақты әрі шынайы екенін тексеру үшін біз де зерттеушілер, редакторлар мен баспагерлер сияқты мәліметтің және суреттің дереккөзін білуіміз керек. Қазіргі жасанды интеллектінің генератив құралдары мұндай мүмкіндікті бермейді.

Nature

Сол себепті енді авторлар журналға жарияланатын жұмысының жасанды интеллект я оның генератив құралы арқылы жасалмағанын дәлелдеуі қажет.

Nature журналы ChatGPT-ді бірлескен автор ретінде көрсетуге тыйым салғанымен, мақалаға генератив құралдары арқылы жазылған мәтінді қосуға рұқсат берді: тек ол ережеге сай құжатталуы қажет.

Factcheck.kz