Мәжіліс “масс-медиа туралы” заң жобасын мақұлдады

17 сәуірде мәжіліс “Масс-медиа туралы” және “Қазақстан Республикасынң кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы” заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады, енді заң жобасы сенатта қаралады.

Аталмыш заң жобасы аясында “Аманат” партиясының депутаты Жанарбек Әшімжанов баяндама жасады. Оның сөзінше, заң жобасында “журналистердің мәртебесін арттыру, құқықтарын нығайту, міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейтуге нақты ұсыныстар” көзделген.

Сонымен қатар депутат қоғамда үлкен пікірталас тудырған жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі нормаға тоқталды. “Жұмыс тобы мүшелерінің басым бөлігі бұл норманы демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, “пресс-карта” туралы норма жойылдыдеді депутат Жанарбек Әшімжанов.

Әңгіме медиа қауымдастықтың наразылығын тудырған осыған дейін ұсынылған заң жобасындағы “баспасөз картасына” қатысты. Сарапшылар сөзінше, бұл журналистерді алалайтын және оларды қысымда ұстайтын тетік. Бұл туралы толығырақ талдау материалымыздан оқи аласыз.

Осыған дейін 25 қаңтарда мәжіліс депутаттары “Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда” сыртқы істер министрлігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне аккредиттеуден бас тарту құқығын беретін түзетулерді де мақұлдаған. Оған қоса аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ пен оның журналистерінің жұмысына тыйым салу, “заң талаптарын бұзған” шетелдік БАҚ-тың жұмысын сот шешімінсіз-ақ тоқтатып қою сынды нормалар күшіне енуі мүмкін. Естеріңізге сала кетейік Қазақстанның сыртқы министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация бермеген еді.

Заң жобасы бойынша бірқатар өзгертулер бар:

  • «Баспасөз картасы», «Бұқаралық ақпарат», «Діни теле бағдарлама», «Журналистердің құқығы мен бостандығының сақталуы туралы Ұлттық баяндама», «Теле-радио арнаны есепке қою туралы куәлік» ұғымдарын алып тастау;
  • «Журналистің ерекше мәртебесі» және «Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдарын енгізу;
  • Құқықтың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша ескіру мерзімін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, БАҚ ақпарттық сұралымына жауап беру уақыты 5 күнге дейін қысқарту;
  • Желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін БАҚ түрлерінің бірі болып саналатын «интернет-басылым» бірыңғай ұғымына біріктіру. Мұнда интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылады;
  • Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55%-ке, 2027 жылдан бастап теле-радио бағдарламалардың жалпы көлемін 60%-ен ұлғайту.

Сәуір айының басында Аманат партиясы фракциясының мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжанов масс-медиа туралы заң арқылы БАҚ-қа ЛГБТК+ өкілдері туралы жазуға тыйым салуды көздейтін түзету енгізуді ұсынған-ды. Алайда, мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ақпарат құралдарына берген сұхбатында мұндай өзгеріс енбегенін мәлімдеді.

Factcheck.kz