«Масс-медиа туралы» заң | Ақпарат министрлігі пресс-карта туралы айтқанда нені ескермейді?

Жақында “Ашық НҚА” порталында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған “Масс-медиа туралы” заң жобасы жарияланды. Министрлік жоба арқылы бұған дейін болған “БАҚ туралы” және “Телерадио хабарларын тарату туралы” деген екі заңды біріктірмекші. Алайда қарастырылып жатқан заң — жобаны дайындауға атсалысқан сарапшылар мен журналистердің жұмысын жоққа шығарады және цензураны заңдастырады.

Не болып жатыр: министрлік былтырдан бері журналистер мен құқық қорғаушылардан тұратын жұмыс тобын шақырып, жаңа заң жобасын дайындаған. Оның нәтижесі қаңтарда “Ашық НҚА” порталында жарияланған. Алайда сол кездің өзінде журналистер мен сарапшылар бұл жобаның медиа қызметкерлердің құқығын шектейтінін, міндетін көбейтетінін айтып, қабылдануына қарсы болған. Бірақ, 2 ақпанда “Ашық НҚА”-да тағы бір заң жобасы жарияланып, ол жұмыс тобының мүшелері мен медиа қауымдастықты есеңгіретті

Мәселе мынада: кейін ұсынылған заң жобасының 26-бабындаЕрекше жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау алдында лауазымды адамдармен ақпараттық хабарламаларды келісуі керек екені” жазылған. Яғни, цензураны заңдастыру ұсынылып отыр. Одан бөлек, жұмыс тобы қатысқан жобада медианы сотқа беру мерзімі қосылған еді (3 жыл деп белгіленген), кейін жарияланған нұсқада оны да алып тастаған. 

Медиа қауымдастықтың наразылығын тудырған тағы бір бап — “баспасөз картасына” қатысты. Сарапшылар сөзінше, бұл журналистерді алалайтын және оларды қысымда ұстайтын тетік. Министрлік болса, жоба концепциясында картаға қатысты тұсын келесідей түсіндірген:

Баспасөз картасын беру арқылы журналист мәртебесін көтерген кейбір ЕО елдерінің, Түркияның тәжірибесін ескере отырып, жаңа заңда құқықтар мен артықшылықтардың кеңейтілген спектрін ұсыну арқылы журналист мәртебесін көтеру жөніндегі новеллалар кешенін пайдалану ұсынылады. Бұл неғұрлым ашық және ақпараттық диалогқа көшу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл форматын өзгертуге мүмкіндік береді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

Factcheck.kz министрлік мәлімдемесін тексеріп, Еуроодақ пен Түркиядағы жағдайды талдады.

Қысқаша қорытынды: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мысалға келтірген Еуроодақ елдерінің басым бөлігінде баспасөз картасы заңмен реттелмеген, ал картаның қандай да бір ықпалы бар елдерде оны беруші және реттеуші ұйымдар мемлекетпен қатар жұмыс істейді немесе биліктен тәуелсіз. Ал Қазақстанда ұсынылып отырған заң жобасына сай, баспасөз картасын беруші де, алушы да — уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен журналистің баспасөз картасын беру мәселелері жөніндегі Комиссия. Түркияда пресс-карта біраз уақыттан бері журналистерді бақылау мақсатында және дискриминация құралы ретінде қолданылып келе жатқанын құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет хабарлаған. Бұл елдің заңнамасында сөз бостандығын шектейтін және журналистердің жұмысына кедергі келтіретін баптар көп. Сондықтан Түркияны мысал ретінде қарастырмаған жөн.

Баспасөз картасы заңмен реттелетін ЕО елдері

Бельгия

Бельгияда кез келген адам журналист бола алады, дегенмен, 2 жылдан артық журналист қызметін атқарғандар “кәсіби журналист” не “кәсібі бойынша журналист” атағын алып, оған арнайы баспасөз картасы беріледі. Екеуінің айырмашылығы, екінші санаттағылар салалық басылымда жұмыс істейді. Әлбетте, карта берудің тағы басқа талаптары бар (мысалы, адам коммерциялық қызметпен айналыспауы керек), ол турал толығырақ мына жерден оқи аласыз. 

Картаны кәсіби журналистер мен баспагерлерден тұратын Ресми тану комиссиясы береді. Комитет голланд және француз тілді бөлімдерден тұрады және өзін-өзі реттейді. Кәсіби журналист атағын алғандарға әлеуметтік, материалдық жеңілдіктер қарастырылған.

Тану комитетінің мүшелері және орынбасарлары Бельгияның кәсіби журналистерінің жалпы қауымдастығы мен Бельгиялық газет шығарушылардың қауымдастығы бірлесіп тағайындайды. Мүшелер Король жарлығымен төрт жыл мерзімге тағайындалады.

Франция

Францияның 1935 жылғы заңына сай, Кәсіби журналистердің жеке куәліктерін беру жөніндегі Комиссия жұмыс істейді және баспасөз картасын берумен айналысады. Алайда Францияда кез келген адам журналистік кәсіппен айналыса алатындықтан, комиссиядан карта алу міндетті емес. Дегенмен, ол кәсіби журналистерге өз қызметін растауға, ақпарат алуға пайдаланатын жерлерге оңай қол жеткізуге және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. 

Комиссия құрамында жұмыс берушілердің 8 өкілі және жұмысшылардың 8 өкілі отырады, олар құрылымды бірігіп басқарады.

Германия

2018 жылдан бері Германияда ұлттық баспасөз картасын берумен 6 қауымдастық айналысады, оған Неміс баспасөз кеңесі жауап береді. Ол тек штаттағы журналистерге беріледі, картаға ішкі істер Министрінің қолы қойылады. Сол үшін де карта мемлекеттік органдармен қарым-қатынас кезінде маңызды құрал саналады.

Неміс Баспасөз кеңесі — баспа және онлайн медианың өзін-өзі реттеуінің ерікті бірлестігі.

Кипр

Кипрдың 1989 жылғы “Баспа туралы” заңына сай, кез келген журналист баспасөз картасын алуы керек. Картаны Баспасөз және ақпарат басқармасынан не Кипр журналистер Одағынан алуға болады, ол 3 жұмыс күні ішінде беріледі және 3 жылға жарамды. Баспасөз картасы журналист және журналистикамен күн көретін адамдар ала алады.

Италия

Италияда журналист жұмысын Италия журналистер ордені реттейді. Журналист картасын беретін де солар. Заң журналистердің ODG-де кәсіби маман ретінде тіркелуін талап етеді, ал тілшілер журналистер реестріне тіркеледі.

Баспасөз картасы заңмен реттелмеген, бірақ бірқатар артықшылық беретін ЕО елдері

Финляндия

Финляндияда баспасөз картасы міндеттелмеген және заңды күші жоқ. Бірақ елде журналистер одағының мүшелері әртүрлі жұмыс жағдайында өзінің кәсіби мәртебесін көрсете алатын баспасөз картасын алады. Картамен, мысалы, мұражайларға, көрмелер мен, жәрмеңкелерге және басқа да іс-шараларға тегін не жеңілдікпен кіруге болады.

Аустрия

Аустрия заңында баспасөз картасы туралы ештеңе айтылмаған. Елде баспасөз картасын журналистерге қамқоршылық кеңесі береді. Кеңеске 4 ұйым қолдау көрсетеді, олар: аустриялық газеттер қауымдастығы, Аустрия журналдары мен мамандандырылған медиа қауымдастығы, журналистер одағы және және Аустриядағы фототілшілер, баспасөз агенттіктері мен кинорепортерлер синдикаты.

Баспасөз картасы билікпен қарым-қатынас, зерттеу жүргізу мен аккредиттеу кезінде жұмыс құралы ретінде саналады. Баспасөз картасын алған адам жарна төлейді. Картаны берудің және күшін жоюдың өзіндік тәртібі бар. 

Дания

Данияда 4 ұйым (Дания газеттерінің қауымдастығы; Дания журналистер қауымдастығы; Графикалық қауымдастықтағы медиа-топ; Данияның баспасөз қауымдастығы) негізгі кәсібі журналистика болып саналатын адамдарға баспасөз картасын берумен айналысады. Карта негізінен құқық қорғау органдарымен жұмысқа арналған: яғни полиция белгілі бір жерлерге баруғы тыйым салса, журналистердің оқиға орнынан репортаж жасауына көмектеседі.

Ирландия

Ирландияда баспасөз картасын мемлекеттік орган бермейді. Мұнымен Ұлттық журналистер одағы айналысады, ұйым мүшелеріне баспасөз картасы беріледі. Карта мемлекеттік органдармен, полициямен, әскерилермен және т.б қарым қатынас кезінде пайдаланатындай мәртебеге ие. Картаның Ұлыбритания аумағында да дәл осындай күші бар. Журналистер одағы — UK Press Card Authority (UKPCA) карта беру схемасының бір бөлігі. Ал UKPCA толығымен Ұлыбританияның негізгі бұқаралық ақпарат құралдары, салалық қауымдастықтар, кәсіподақтар мен кәсіптік қауымдастықтарға тиесілі және ұжымдық бақылауында.

Чехия

Чехияның журналистер синдикаты ұйым мүшелеріне пресс-карта береді (мүше екенінің дәлелі ретінде), алайда оның заңды мойындалған күші жоқ. Карта тек журналиске қосымша құрал ретінде көмектеседі. Одан бөлек, синдикатқа мүше журналистер Журналистердің халықаралық федерациясынан халықаралық баспасөз картасын ала алады

Латвия

Латвиядағы ашық деректерден заңда нақты баспасөз картасы туралы жазылғанын таппадық. Журналистер Латвиядағы журналистер қауымдастығы арқылы кейбір іс шараларға қатысу мақсатында арнайы картаны алуға мүмкіндігі бар.

Баспасөз картасының ерекше ықпалы жоқ я ақпарат аз елдер

Эстония

Эстонияда баспасөз картасының заңды күші жоқ. Елдің Медиа қызметтер туралы заңында да бұл туралы ештеңе жазылмаған. Дегенмен Эстониялық журналистер қауымдастығына мүше адамдарға ұйым баспасөз картасы беріледі, одан бөлек, ұйым мүшелері Журналистердің халықаралық федерациясының картасын да ала алады.

Нидерланды

Нидерландыда журналистерге арналған баспасөз картасын заң бойынша бекіткені туралы дерек жоқ. Алайда Нидерланды журналистер одағы арқылы штатта немесе штаттан тыс жұмыс істейтін журналистерге баспасөз картасын алу мүмкіндігі бар. Шекарасыз тілшілер дерегінше, одақ журналистердің құқығын қорғап, олардың жалақысын әділетті төлеуге күреседі.

Португалия

Португалияда журналистерге қатысты заңда баспасөз картасы жайлы арнайы жазылмаған. Елде баспасөз картасы екі ассоциация береді: Халықаралық баспасөз клубтарының қауымдастығы және Ұлттық одақ. Бұған қоса, Ұлттық одақ Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ) мүшесі.

Румыния

Румыниядағы баспасөз картасы заң жүзінде бекітілгені/бекітілмегені туралы нақты дерек таппадық. Алайда Румыниядағы MediaSind журналистер одағы арқылы Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ) пресс картасын алу мүмкіндігі бар.

Словакия

Словакияда пресс картаны журналистерге мемлекеттік орган беретіні жайлы ақпарат табылмады. Елде тәуелсіз журналистер бірлестігі арқылы халықаралық IFJ пресс картасын алуға болады.

Швеция

Швецияда пресс картаны журналистер ассоциациясы арқылы алуға болады. Ал баспасөз картасы мемлекеттік органдардың беретіні туралы ақпарат жоқ.

Польша

Ашық деректерден Польшадағы журналистерге заңмен бекітілген арнайы пресс карта туралы ақпарат таппадық. Мұнда журналистердің құқығын қорғайтын Польшаның журналистер қауымдастығы бар. Журналистер қауымдастыққа мүше болған жағдайда Польшаның пресс картасын алуға мүмкіндігі бар.

Литва

Литваның журналистер одағы арнайы баспасөз карталарын бермейді. Тек штаб пәтері Брюссельде орналасқан Халықаралық журналистер федерациясының пресс картасын ұсынады. Ол екі жылға дейін жарамды.

Бұдан бөлек, Люксембург, Мальта, Cловения, Испания, Италия, Грекия, Венгрия, Болгария, Хорватия елдерінде баспасөз картасының заңды күші туралы мардымды дерек табылмады, бұл ол елдерде баспасөз картасының қандай да бір заңмен бекітілген күші жоқ екенін көрсетеді.

Пресс-карта және Түркиядағы баспасөз бостандығы

Түркияда баспасөз картасы 1984 жылдан бастап заңмен реттеледі, сол кезден бері билік бірнеше рет оны журналистің құқы мен мүмкіндігін шектеу құралы ретінде пайдаланды. Кейінгі онжылдықта мұндай жағдайлар тіпті жиілеп кетті, ал заң баспасөз картасын тәркілеп, оны алуды қиындату үшін өзгеріп жатыр.

Мәселен, 2016 жылдың 15 шілдесінде төңкеріс жасау амалы сәтсіздікке ұшырап, төтенше жағдай енгізілгеннен кейін 34 журналистің пресс-картасы кері алынғаны белгілі болды. Ал 2016 жылдың қорытынды есебінде түрік медиасы 778 журналистің баспасөз картасы қайтарылғанын хабарлады.  

2018 жылы Баспа туралы заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес баспасөз картасын беруге премьер-министрдің таратылған кеңсесінде орналасқан Баспасөз және ақпарат басқармасы емес, сол жылы құрылған Түркия Президентінің байланыс басқармасы жауапты болды. Мұндай қадам БАҚ-та жиі сыналды, себебі, олардың пікірінше, тәуелсіз журналистердің баспасөз картасын қайтарып алу жеңілдеген.

2021 жылдың маусымында «Шекарасыз тілшілер» баяндама жасап, баспасөз картасын беруге жауапты болған үш жыл ішінде Байланыс басқармасы 10 486 өтініштің 1 371-ін кері қайтарғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап 1 238 пресс-картаның күші жойылған. Қайтару себептерінің қатарында «мамандықтың абыройына нұқсан келтіретін әрекет» пен «ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндіру» нұсқалары бар.

Бір қызығы, 2021 жылдың сәуірінде Алдыңғы қатарлы журналистер қауымдастығының арызынан кейін Түркияның мемлекеттік кеңесі (жоғары әкімшілік сот – ред.) баспасөз картасын қайтаруды жеңілдететін 2018 жылғы ережені тоқтата тұрды. Кеңес баспасөз картасы «мамандықтың абыройына қарсы әрекет» және «ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет» сынды анық емес және түсініксіз себептермен қайтарылмайды деген қорытынды жасады. Дегенмен мамырда Байланыс басқармасының жетекшісі «баспасөз картасын жамылып, терроризм мен зорлық-зомбылықты насихаттауға» тыйым салатын ережелерді нығайтатын жаңа, бұрынғының орнын басатын ереженің енгізілетінін хабарлады. Түркия Журналистер одағы төрағасы Гёкхан Дурмуштың сөзінше, жаңа ереже бұрынғыдан да нашар болып шықты.

2022 жылдың 13 қазанында Түркия парламенті Баспа туралы заңға, Интернет туралы заңға және Қылмыстық кодекске кезекті түзетулер енгізді. Онда әлеуметтік желілерге иелік ететін IT-компанияларды «ішкі және сыртқы қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен елдің әл-ауқаты туралы жалған ақпарат таратқаны үшін» үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өзгерістер баспасөз картасына қатысты ережені де айналып өтпеді. Енді онлайн жаңалықтар ресурсының қызметкерлері де пресс-карта алу үшін өтініш беруі керек. Ал оны қайтарып алу себептерінің бірі «журналист этикасы қағидаттарын бұзу» болуы мүмкін.

Түзету енгізгенге дейін де қатал болған баспасөз картасын алу ережелері интернетті билік бақылауға алғаннан кейін Түркиядағы баспасөз еркіндігінің онсыз да мүшкіл һәлін тіпті нашарлатып жіберді. 2022 жылғы қазан айының басында Сөз бостандығы мен журналистердің құқын қорғайтын 22 халықаралық ұйымның Түркия парламенті мүшелерін түзету енгізуге қарсы дауыс беруге үндегені бекер емес. 

Түзету енгізілетін күні Amnesty International құқық қорғау ұйымы «Желідегі сөз бостандығы мен баспасөз үшін кезекті қаралы күн» туғанын мәлімдеді. Британдық Article 19 құқық қорғау ұйымы түзетулерді кезекті сайлау алдындағы цензура қаупі төніп тұрған, «қауіпті әрі антиутопиялық» өзгеріс деп атады.

«Шекарасыз тілшілердің» баспасөз бостандығы индексінде Түркия 180 елдің ішінде 149-орында тұр (Қазақстан – 122-орында – ред.). Елдегі медианың 90%-і билік бақылауында. Журналистерді қорғау комитеті халықаралық үкіметтік емес ұйымының мәліметі бойынша, төрт жыл бойы, яғни 2016 жылдан 2019 жылға (2016, 17, 18, 19) дейін Түркия тұтқынға алынған журналистердің (англ — worst jailers of journalists) саны бойынша көш бастады. 2020 жылы Түркия алғашқы үштікке еніп, Қытайдан кейінгі орынға жайғасса, 2022 жылы алғашқы бестікке еніп, төртінші қатардан көрінді.

Factcheck.kz