Мексика тікұшақпен Лос-Анджелеске гуманитарлық көмек жібергені рас па?

Facebook-те «Мексиканың аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі» деп аталатын парақша 7 қаңтарда тікұшақтардың видеосын жариялады. Қазір видео «Мексика Лос-Анджелестегі орман өртімен күресу үшін гуманитарлық көмек жіберді» деген жазумен тарап жатыр. Reuters фактчекерлері бейнежазбаның рас-өтірігін тексерді.

Reuters жазуынша, Мексиканың сыртқы істер министрлігі елдің Калифорнияға тікұшақтар жібермегенін растаған. Оның орнына, мексикалық өрт сөндірушілер мен азаматтық қорғаныс мамандары көмек беру үшін барған.

Желіде тараған тікұшақтардың видеосы шын мәнінде 2018 жылы Мексиканың 208 жылдығына арналған шерудің әскери жаттығулары кезінде түсірілген. Оның Лос-Анджелестегі өртке еш қатысы жоқ. Мексика Калифорнияға тек мамандар мен қажетті құралдарды ғана жіберген.

Контекст

Лос-Анджелестегі 7 қаңтарда басталған ауқымды орман өртінен 12 000-нан астам ғимарат қирап, 20-дан аса адам қаза тапты. Бұған дейін Голливуд белгісінің өртеніп жатқаны туралы фейк видео тараған.

Басты беттегі сурет Facebook-тен алынды.

Журналист

Factcheck.kz