Макрон сұхбатта 80 000 еуролық сағатын жасырмақ болды ма?

Интернетте Франция президенті Эммануэль Макрон сұхбат берген кезде қолындағы қымбат сағатты жасыруға тырысқаны туралы хабар тарады. “Проверено” фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

Бұл жаңалық бірқатар медиа мен әлеуметтік желіде жарияланды (мұнда, мұнда, мұнда).

Ондағы ақпаратқа сәйкес, Франция президенті 2023 жылғы 22 наурызда TF1 және France 2 арналарының журналистеріне зейнетақы реформасына қатысты сұхбат берген. Эфир Макронның Youtube-тағы ресми парақшасына жүктелген. Сұхбатта Эммануэль Макрон қолын көп қимылдатады. Ол жерден оның білегіндегі сағатты бірнеше мәрте байқауға болады. Алайда біраздан соң президент қолын үстелдің астына қойып, қайта шығарғанда білегінде сағат жоқ болып шығады.

Тайм-код: 10:10

Көптеген басылым мен желі қолданушысы “Макрон жалақысы төмен адамдар туралы сөз қозғағанда сағатын әдейі шешіп тастады, өйткені оның бағасы — 80 000 еуро еді” деп мәлімдеп, видео үзіндісін тарата бастады.

Алайда фактчекерлер бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтады. Біріншіден, Франция президенті сағатын шешіп тастаған кезде жалақысы төмен адамдар туралы емес, зейнетақы реформасы және оған қарсы протестер туралы айтып жатқан. Екіншіден, Макрон видеода Bell & Ross BR V1-9 брендінің 2 400 еуролық сағатын таққан. Адамдар оны F. P. Journe брендінің шамамен 80 000 еуро тұратын сағатымен шатастырып алған. Bloomberg мәліметінше, 2021 жылғы Макронның президент ретіндегі ресми жалақысы — жылына 196 000 еуро, яғни оның 2 400 еуроға сағат сатып алуға мүмкіндігі бар. Үшіншіден, Макрон бұл сағатын бұған дейін де тағып жүрген және оны жасыруға тырыспаған. Мысалы, президенттің жеке фотографы Соазиг де ла Муассоньердің Instagram парақшасынан дәл осы сағатты таққан Макронның бірнеше суретін көруге болады.

Макрон сұхбатта 80 000 еуролық сағатын жасырмақ болды ма?

Онда Макрон сұхбатта сағатын не үшін шешті?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Елисей сарайының мәлімдеуінше, көпшілік арасында тараған видео үзіндісіне дейінгі секундтарда Макрон сағатын үстелге қатты соғып алады. Бұл жағдай қайталанбас үшін ол сағатын шешіп қойған болса керек. Видеодан шынымен-ақ сағаттың үстелге тиген дыбысы естіледі.

Factcheck.kz