Қырғызстан билігі Kloop сайтын бұғаттамақ

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі Kloop.kg сайтын бұғаттамақ. Министрлік фейк туралы заңға сүйеніп, редакциядан “Саясаткер Равшан Джеенбеков №1 тергеу изоляторында азапталып жатқанын мәлімдеді” деген тақырыптағы мақаласын өшіруді талап еткен. Бұл туралы редакцияның өзі хабарлады.

2023 жылғы 7 қыркүйекте министрлік Kloop басылымының поштасына хат жолдап, мақаласында жалған ақпарат бар екенін айтқан. Бірақ нақты қай дерек шындыққа сай келмейтінін атамаған.

Шағымды Ұлттық қауіпсіздік комитеті түсірген.

Редакция иесі белгіленген мерзімде Kloop.kg сайтындағы жалған ақпаратты өшіруге қатысты шешімді орындамаса, министрлік Kloop.kg сайтының жұмысын екі айға дейін тоқтату туралы шешімін қабылдайды.

Қырғызстанның мәдениет министрлігінің Kloop редакциясына жолдаған хатындағы мәтін

Ведомство “жалған ақпарат бар” мақаланы екі күн ішінде өшіруді талап еткен. Шешімге Мәдениет министрлігі басшысының орынбасары Шыңғыс Есенғұлов қол қойған.

Мәдениет министрлігі «жалған» деп таныған мақалада оппозиция саясаткері Равшан Джеенбеков мәлімдеме жасады. Ол «Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұйрығымен» Бішкектегі №1 тергеу изоляторында азапталып жатқанын айтты. Саясаткер жартылай жертөленің бірінші қабатында орналасқан «дымқыл және суық камераға» ауыстырылғанына шағымданған.

Саясаткердің құқық қорғаушыларға, Азаптаудың алдын алу ұлттық орталығына (ҰҚТК) және Омбудсменге жолдаған үндеуі 1 қыркүйекте Джеенбековтың Facebook парақшасына жарияланған.

Оған қоса материалда Қылмыстық атқару қызметінің ұстанымы да жазылған. Бірақ кейін Джеенбековтің мәлімдемесін департамент жоққа шығарған.

«Барлығы заң аясында қамауда отыр. Ешқандай азаптауға жол берілмейді. Жоғарыда отырған органдар мен прокуратура, Омбудсмен, ҰҚОО және парламент қадағалап отыр», – деді олар.

6 қыркүйек ҰҚТК қызметкерлері №1 тергеу изоляторына барып, Джеенбековтың қамаудағы жағдайын біліп қайтты. Олар Джеенбековтің тергеу изоляторының бірінші қабатында орналасқан камераға ауыстырылғанын растады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұндай камералар гигиеналық және санитарлық талапқа сай келмейді.

Құқық қорғаушылар адамдарды қолайсыз жағдайда ұстау «қатігез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын әрекеттердің айқын фактілері» екенін атап өтті.

Kloop.kg сайты Қазақстан аумағында 2014 жылдан бері бұғатта тұр.

Factcheck.kz