Үкімет жасанды интеллектіге қатысты концепциясын қабылдады

Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында экономиканың түрлі саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге арналған стратегиялық құжат қабылданды. Бұл туралы Премьер-министрдің сайтында хабарланды. Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы 2024–2029 жылдарға арналған.

Премьер-министр Бектенов жасанды интеллект технологиялары арқылы бірқатар өндірістік процесс, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді есептеу, төтенше жағдайларды болжау, қауіптер мен кибершабуылдарды ерте анықтау сияқты күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға болатынын айтты. Оған қоса ол жасанды интеллект экономиканың көп секторына, оның ішінде мемлекеттік басқаруға, мұнай-газ саласындағы табиғи монополияларға, тау-кен өнеркәсібіне, энергетикаға, көлікке, логистикаға, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы саласына енгізілуі керек екенін мәлімдеді.

«2029 жылға қарай жасанды интеллект қолданатын өнімдердің саны 5 есеге артуы керек. Сәйкесінше, жасанды интеллектідегі білім беру бағдарламаларының немесе пәндердің үлесі артуы керек. Бұл салада білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттігін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай алғанда экономикаға мультипликатив әсер береді», – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп тұжырымдаманы жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Оған қоса ол бизнес пен академияда суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде де сөйледі. Осыған байланысты Қаржы министрлігіне ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін жалға беру тәртібін жеңілдету тапсырылды.

Ғылым министрлігіне осы жылдың соңына дейін KazLLM үшін мәліметтерді жинауды аяқтау тапсырылды – бірінші отандық үлкен тілді модельді оқыту ағымдағы жылдың 3 тоқсанында жүзеге асырылуға тиіс. Әділет министрлігіне жасанды интеллект саласын реттеу бойынша заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.

Концепция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіге қатысты айтқан тапсырмасы бойынша атқарылып жатыр.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz