Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі алаяқтықтың жаңа әдістеріне қатысты ескерту жасады.
“Құқық қорғау органдары, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының атынан азаматтармен байланысқа шығатын алаяқтық әрекеттер жиілеп кетті”, – деп келтірді ҚазТАГ департамент мәлімдемесін.
Алаяқтар қаржы және басқа да операцияларды жүзеге асыру үшін адамдарға өтініш жасап немесе талап қойып телефон соғады не хабарлама жазады. Олар адамдарға хабарласып, әлдекім қылмыстық мақсатта атынан ақшалай несие алайын деп жатқанын, жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтып қорқытады. Кейбірі тіпті ҰҚК белгісі бар құжаттарды жібереді.
Ведомство ҰҚК қызметкерлерінің азаматтарға қандай да бір қаржылай операцияларды ұсынуға құқығы жоқ екенін айтады.
Бір күн бұрын Ішкі істер министрлігі қылмыскерлердің ақша алудың тағы бір жолы туралы хабарлама таратты. Polisia.kz ақпараты бойынша, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, адамдардың бұрынғы аудиохабарламасындағы дауыстарын пайдаланып, аккаунт иесінің атынан барлық чаттан ақша жіберуін сұрайды.
Бұл әдіс өте қауіпті, себебі алаяқтар жәбірленушіні анықтау үшін бірнеше факторды – шот, дауыс және банк картасын пайлаланады. Сол себепті адамдар ақшаны алаяқ емес, аккаунт иесі сұрап жатқанына сеніп қалуы мүмкін. Бұл жағдайда екі адам құрбан болады – дауыстық хабарламаларды алатын адам және аккаунты бұзылған, жеке дерегі тарап кеткен адам.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін полицейлер дауыстық хабарламаларды тыңдағаннан кейін бірден өшіруді, барлық хат-хабарларды автомат түрде жоюды орнатуды, дауыстары бар бейнелерді желіге жарияламауды және жақын адамдарыңызбен мұндай жағдайға қатысты құпия сөз ойлап табуды ұсынады.