Құқыққорғаушылар: Әйелді ұратындарды қатаң жазалау керек

Әйелдерге қол көтеретіндерді қатаң жазалау керек. Бұл туралы феминист-белсенділер мен құқыққорғаушылар Алматыда өткен “Қазақстанда феминицидті тоқтатыңдар! Салтанатты жоқтау!” деген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады Азаттық Радиосы.

Құқыққорғаушылар Салтанат Нүкенованың өлімі елдегі әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың шектен шыққанын көрсеткенін, сол себепті бұл мәселеге бей-жай қарамау керек екенін мәлімдеді.

Феминист, құқыққорғаушы Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты феминицид деп тану керек. Себебі Қазақстанда мұндай қайғылы жағдай көп.

Феминицид — халықаралық құқықта әйелді әйел болғаны үшін өлтіру. Гендерлік қылмыс ретінде тануымыз керек. Себебі еркек азаматты өлтіру мен әйел азаматты өлтірудің себебі екітүрлі. Феминицидті біз феминистер ретінде Қылмыстық кодекске қосу керек деп есептейміз. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту мәселені шешпейді. Оны қылмыстық кодекске енгізу керек.

Әйгерім Құсайынқызы, құқыққорғаушы

Оған қоса олар бұл мәселені билік шешуі керек екенін баса айтты.

Еске салайық, 9 қараша бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы “өлімші етіп сабап өлтірді” деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынды. Қазір оның үстінен “Адам өлтіру ісі” бойынша, қылмыстық іс жүріп жатыр.

Factcheck.kz