Құқық қорғаушылар Қаңтар қырғынына қатысты баяндама ұсынды

Құқық қорғау альянсы “Ескертусіз қасақана оқ ату” деген Қаңтар қырғыны туралы баяндамасын ұсынды. Авторлар онда азаматтардың құқығын бұзбауға, Қаңтар қырғыны қатысушыларын ақтайтын заң қабылдауға шақырды. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.

Баяндамада Қаңтар қырғынында зардап шеккен азаматтардан, олардың туыстарынан, куәгерлерден алынған деректер мен мәліметтер жинақталған. Нәтижесінде авторлар оқиға кезінде 256 адамның қаза тапқанын анықтаған (ресми дерек бойынша, қайтыс болғандар саны — 238.) Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, 40 адамның ісі жабылған не құпияланған.

Бұл істер не себепті тоқтатылды? Неге марқұмдардың туыстары, балалары кім және не үшін оқ атқанын білуге құқылы емес? Бұл отбасыларға неге оңалту көмегі берілмеген? Бұл істің барлығы жіті қаралуға тиіс.

Бақытжан Төреғожина, құқық қорғаушы

Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының директоры Евгений Жовтис оқ ату сияқты заңсыз бұйрық бергендер жауапкершілікке тартылуы керек екенін айтады.

Лауазымды тұлғалардың адамның өліміне не ауыр жарақат алуына әкеп соғатын заңсыз бұйрығын орындаудан бас тартуға болады. “Лауазымды тұлға бұйырды” деп ақталу орынсыз. Недегенмен, заңсыз бұйрық берген жоғарыдағы тұлғалаларға да жауапкершілік жүктеледі.

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы
Құқық қорғаушылар Қаңтар қырғынына қатысты баяндама ұсынды

Ал қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы Қаңтар қырғынына байланысты қазір азаматтардың құқығы бұзылып жатқанын, “оқиғаға кінәлілер кешірім сұрау керек екенін” баса айтты.

Бұл жерде басты мәселе — кім кінәлі екенінде. Осы тұрғыдан алғанда, ең әуелі президент Тоқаев кінәлі дер едім. Қаншама адам заңсыз қамауға алынды, азапталды, қудаланды, жүздеген адам жауапқа тартылды. Бірақ олардың бірең-сараңы ғана кешірім сұрады, оның өзі — тек прокуратура. Халықтан барлығы кешірім сұрауы керек, мұны президент Тоқаевтың өзі жасауы керек.

Рысбек Сәрсенбайұлы, қоғам қайраткері

Авторлар баяндамасында үкіметті қаза тапқан азаматтардың аты-жөні жазылған толық тізімді жариялауға, Қаңтар қырғынында қайтыс болған адамдардың тоқтаған және құпияланған ісін қайта жүргізуге, халықаралық тергеу жүргізу керек екенін мойындауға, «2022 жылғы қаңтар оқиғасының бейбіт қатысушылары мен құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдауға шақырды.

Factcheck.kz