Көпшілік арасында “қоғамдық дәретханадағы қол кептіргіш — зиян микробтардың жиналған жері, әжетхана қағазын қолданған қауіпсіз” деген пікір қалыптасқан. “Проверено” фактчекерлері деректі тексеріп көрді.
Бұл туралы бірқатар медиа мен әлеуметтік желіде жазылды (мұнда, мұнда, мұнда, мұнда).
Бактериялар дымқыл тері арқылы тез тарайды, сол себепті мамандар қолды жуған соң оны кептіру гигиенаның ең маңызды бөлігі екенін айтады. Қолды кептіруге арналған құрылғының екі түрі бар: біреуі — ыстық ауа арқылы (оған қолды жақындату керек), біреуі — ағынды (қолды құрылғының ішіне салу керек). Бірінші құрылғы қолды 45 секундта, ал екіншісі 10 секундта кептіреді. Дәретхана қағазын қолдануға да дәл осындай уақыт кетеді. Дегенмен көп адам қолын толық кептіріп тұруға ерінеді. Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінің ғалымдары қоғамдық дәретханадағы жағдайды бақылап, ер адамдар кептіргіш арқылы қолын құрғатуға 17 секунд, қағаз арқылы кептіруге 3,5 секунд жұмсайтынын анықтады. Ал әйелдер кептіргішке 13,3 секунд, қағазға 5,2 секунд арнайды. Бұл жағынан қарасақ, қолды 10 секундта толық кептіретін ағынды кептіргішті пайдаланған тимді.
2008 жылы Ұлыбританиядағы Вестминстер университетінің ғалымдары осы мәселеге қатысты зерттеу жариялады. Олардың экспериментіне қатысқан адамдар екі әдісті де қолданып көрген. Нәтижесінде қолды жуған соң онда қалатын бактерия мөлшерін дәретхана қағазы азайтатыны, ал кептіргіштің екі түрі көбейтеніні анықталған. Зерттеу кезінде ең көп бактерия ыстық ауа арқылы кептірілген қолдан табылған. Оған қоса ғалымдар бактерия саны көбейіп қана қоймай, 2 метрге дейінгі айналаға шашырағанын мәлімдеген. Дегенмен бұл зерттеу он жыл бұрын жасалған, ал бүгінде кептіргіштердің мықты әрі сапалы түрі көп, яғни гигиена жағынан бұрынғыға қарағанда жақсырақ болуы мүмкін.
Десе де он жылдан кейін Ұлыбритания, Италия, Франция зерттеушілері де дәретхана қағазы қауіпсіз деген қорытындыға келді. Олар 12 апта бойы осы елдердегі үш аурухананың қағаз ілініп тұратын дәретханасынан сынама алған. Нәтижесінде ондағы ауа мен кеңістікте кептіргіш орнатылған орындарға қарағанда микроб аз екені анықталған.
Тіпті, 2010 жылы ағынды қол кептіргіштерді өндірушілерінің бірі Dyson демеушілік жасаған зерттеу қағаз сүлгілердің қолдағы микробтарды жоюда тиімдірек екенін көрсетті. Зерттеушілердің айтуынша, бұл адамдардың екі қолын бір-біріне үйкегенде терідегі микробтың жойылуымен байланысты болуы мүмкін.
Осылайша, фактчекерлер салыстырмалы түрде гигиена жағынан қол кептіргіш құрылғысына қарағанда дәретхана қағазы тиімді деген шешімге келді. Дегенмен кептіргіштер де қауіпсіз. Дәретхана қағазы жоқ болса, дымқыл қолмен жүргенше я оны үстіңіздегі киімге сүрткенше, кептіргішті қолданған дұрыс.