Иран арналары Олимпиада ойындарын өңдеп көрсететіні рас па?

Интернетте ирандық телеарналардың Парижде өтіп жатқан Олимпиаданы түсірген трансляциясының бейнелері мен скриншоттары тарады. Олар спортшылардың киімі елдің заңына сәйкес болмағаны үшін трансляцияны өңдеп көрсетіп жатыр деседі. «Проверено» басылымы ақпаратты тексеріп көрді.

Бұл бейнелер бірқатар жерде тарады (мұнда, мұнда және мұнда).

Көпшілік арасында тараған бір видеоның ұзақтығы – 43 секунд. Онда үш деңгей бойынша жарыстар көрсетілген: биікке секіру, кедергіден жүгіріп өту, суға секіру. Спортшы қыздардың денесін жабу үшін қап-қара төртбұрыштар салып қойған. Бірақ спортшылар жылдам қозғалып жатқандықтан, ол қара төртбұрыштар қыздардың денесін толық жауып үлгермейді. Бейненің жоғарғы оң жақ бұрышында ирандық IRIB TV3 телеарнасының логотипі, ал төменгі бөлігінде бірнеше секундқа @Mahvareh_News1 деген арнайы белгі пайда болады.

AFP фактчекерлері вирустық видеоның интернетте бірнеше жыл бұрын пайда болғанын анықтады. Мысалы, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындары кезінде ирандық телевидениедегі цензура туралы осындай пікірлер Facebook-те тараған. Кері іздеу жүйесі арқылы фактчекерлер вирустық жазбаның көріністерін қамтитын шамамен 2 минутқа созылған YouTube бейнесін тапты. Бұл видео платформада 2013 жылы жарияланған және төменгі сол жақ бұрышта сары логотипі көрінеді. AFP бұл «Америка дауысының» парсы қызметі шығарған OnTen сатиралық бағдарламасының логотипі екенін анықтады.

2019 жылы OnTen продюсері Саман Арбаби AFP-ке берген түсініктемесінде сегментті әзіл деп атады және оның мағынасын түсіндірді: «Менің шоуым комедия болды және бұл сегмент Иран үкіметін әйелдер спортын көрсетпегені үшін келемеждеуге арналған. Бұл сегмент теледидар шоуларын, соның ішінде әйелдер спортын цензуралайтындар үшін «ұсыныс» болды».

Агенттіктің хабарлауынша, Иранның мемлекеттік телеарнасы әдетте әйелдер спорты туралы өте аз хабар береді. Әйел спортшыны эфирде көрсету үшін ол денесін толық жауып тұратын киім киюі, басына орамал тағуы керек. Иран әйелдер арасындағы халықаралық спорт жарыстары туралы хабар таратқанда көбіне тек жоғары нәтиже көрсеткен ирандық қатысушылар туралы айтады.

Factcheck.kz