Халықаралық фактчекиң желісі (IFCN) және еуропалық фактчекиң стандарттары желісі (EFCSN) Meta-ның фактілерді тексеру жүйесін жою шешімін айыптап, Марк Цукербергтің онлайн цензураның көбейгені туралы мәлімдемесін сынға алды.
Фактілерді тексеру бағдарламасын Meta корпорациясы 2016 жылы жалған ақпараттың демократия мен адам өміріне қаупін болдырмау үшін іске қосқан. Содан бері бұл жүйеге IFCN қатаң түрде сертификаттаған 60-тан аса тілде жұмыс істейтін 100-ден астам тәуелсіз ұйым қосылды. Фактчекерлер Meta платформаларында жалған ақпаратты анықтап, оны жалған, жартылай жалған немесе өзгертілген деп белгілейді.
IFCN мен EFCSN наразылығы
Бұған дейін корпорацияның негізін қалаушы Марк Цукерберг фактілерді тексеру жүйесінің сенімді нығайтудың орнына, АҚШ саясаты тұрғысынан тым біржақты болып кеткенін, цензураны көбейтіп, көп қате жібергенін мәлімдеген.
Халықаралық фактчекиң желісі 9 қаңтарда Марк Цукербергке ашық хат жариялады. Онда Meta шешімі «интернеттегі дәлелді ақпаратты алға жылжытудағы он жылға жуық прогресті жоққа шығарады» делінген.
«Фактчекерлер сөз бостандығын қолдайды және біз бұл туралы бірнеше рет, соның ішінде былтыр Сараеводағы мәлімдемемізде де айттық (GlobalFact 11 конференциясында). Cөйлеу еркіндігі, бірдеңенің жалған екенін айту да сөз бостандығы», – делінген хатта.
IFCN саяси біржақтылық пен цензура туралы мәлімдемелерді жалған деді:
«Meta барлық фактчекиң серіктестен IFCN верификациясы арқылы қатаң бейтараптық стандарттарды сақтауды талап етті. Бұл саяси партиялармен немесе кандидаттармен байланыстың жоғын, саяси шешімдерге лобби жасаудан бас тартуды және объективтілік пен ашықтықты сөзсіз ұстануды білдіреді. Әрбір жаңалық ұйымы жыл сайын қатаң тексеруден, соның ішінде тәуелсіз бағалаудан, әріптестердің шолуынан өтеді. Meta бұл стандарттарға күмән келтірмеген, олардың қатаңдығы мен тиімділігін үнемі мақтады. Бір жыл бұрын Meta бағдарламаның жұмысын Threads платформасына кеңейтті».
Сонымен бірге, IFCN фактчекерлер ешқашан контентті не есептік жазбаларды жоймағанын, бұндай мүмкіндік тек Meta-да болғанын еске салды. Жазбалар қалай таңбаланатынын, қаралымды қаншалықты төмендетуді де корпорация шешкен. Бұдан бөлек, фактчекерлер Meta-ға таңбалау жүйесін жақсартуды ұсынған, бірақ корпорация бұны қабылдамаған. Компания саясаткерлер мен саяси кандидаттарды сақтық үшін фактчекиңнен босатқан.
IFCN-нің хабарлауынша, егер Meta болашақта бүкіл әлем бойынша үшінші тарап фактілерін тексеру бағдарламасын жоюды шешсе, бұл көп жерге зиянын тигізеді. Бағдарлама дамудың әртүрлі кезеңіндегі 100-ден астам елде жұмыс істейді, олардың кейбірі саяси тұрақсыздық пен геноцид тудыратын жалған ақпаратқа өте осал.
Ұйым Meta-мен қайтадан не адамдарға сенімді ақпарат беруге мүдделі кез келген басқа технологиялық платформамен жұмыс істеуге дайын екенін хабарлады.
Еуропалық фактчекинг стандарттары желісі де Meta шешіміне наразылығын білдіріп, Цукербергтің фактчекиңді цензура дегенін айыптады. EFCSN төрағасы Карла Хименез Круздың айтуынша, бұл АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігінің билікке келуіне қатысты дәлелді шешімге емес, саяси астарлы қадамға ұқсайды.
Community Notes қаншалықты тиімді?
Марк Цукерберг өз үндеуінде фактілері тексеру бағдарламасының орнына X әлеуметтік желісінің үлгісімен “Қауымдастық жазбалары” (ағылш. — Community Notes) енгізілетінін айтты. Бұған сәйкес жарамсыз ақпарат пен қателерді қадағалау қоданушылардың өзіне жүктеледі.
Фактчекерлердің пікірінше, X платформасында модерацияның бұл түрі жоғары тиімділікті көрсетпеген. Жазбалардың көпшілігі көрінбейді. Өйткені олар дәлелдер мен дәлдікке емес, әртүрлі саяси көзқарасты ұстанатын адамдар арасындағы саяси келісімге негізделген. Сондықтан саяси және басқа даулы тақырыптар туралы жалған ақпарат көп жағдайда тексерілмейді.
Мұны растайтын деректер де бар. Science Feedback америкалық фактчекинг ресурсы 2024 жылғы еуропалық парламент сайлауына қатысты X желісіндегі посттарды талдады. Нәтижесінде, жалған ақпарат бар деп анықтаған 894 туиттің тек 11,7%-на ғана қауымдастық жазбасы бекітілген.
Meta саяси біржақтылықты азайтуды қалайды. Дегенмен, IFCN-нің бұрынғы директоры Алексиос Манцарлис зерттегендей, қолданушылар саяси одақтастарына қарағанда, қарсыластардың сөзін тексеруге бейім. Сондықтан бұл әдіс бейтарап болатынына дәлел жоқ.
Оған қоса, модерацияға қатысатын пайдаланушылардың сараптамасы болмауы мүмкін. Lead Stories фактчекинг ресурсының негізін қалаушы Маартен Шенктің айтуынша, егер Meta оларға X-тегідей аноним болып қалуға мүмкіндік берсе, онда бұл ашықтықты төмендетеді. Өйткені жалған жазбаны қосқандарға ешнәрсе болмайды, ал кәсіби фактчекерлер ақпаратты жариялар кезде өз беделін ойлайды.
«Фактчекерлердің кім екенін, оларды кім қаржыландыратынын, олардың әдістемесі қандай екенін, қандай дереккөздерді қолданатынын нақты білесіз, өйткені олар бәрін ашуға міндетті», — дейді Шенк.
Кейбір сарапшылар қауымдастық жазбаларының тиімді жақтары бар дейді. Мысалы, қазіргі саяси ахуалда пайдаланушылар кәсіби журналистерге қарағанда басқа адамдарға көбірек сене алады.
Пенсильвания университетінің ғылыми қызметкері Дженнифер Алленнің айтуынша, үшінші тараптың фактілерді тексеру бағдарламасы “онша тиімді” болған жоқ, өйткені оның ауқымы шектеулі еді әрі фактчекті жариялауға бірнеше күн кетуі мүмкін. Ал қауымдастық жазбаларына негізделген тәсіл тезірек тексеру мен кеңінен қамтуға кепіл болады.
Аллен Meta-ның саясаткерлерді фактчекингтен босату туралы шешімі бағдарламаның тиімділігін одан әрі төмендетіп жіберді дейді.
Meta қауымдастық жазбалары саясатын қалай жүзеге асыратыны және оған қатысу критерийлері қандай болатыны әлі белгісіз. Бүгінде барлық пайдаланушыларға (АҚШ-та) күту тізіміне тұруға рұқсат етілген.