Грузияда полиция оппозиция белсенділерін ұстап әкетіп жатыр

Тбилисиде полиция “Өзгерістер коалициясының” жетекшісі Ник Гварамия, “Күшті Грузия” оппозициялық коалициясының жетекшісі Александр Элисашвилиді ұстап, соққыға жықты. Бірқатар оппозициялық партияның кеңсесінде тінту жүргізілді. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады. 

Сәрсенбі күні митиңде “Күшті Грузия” оппозициялық коалициясының жетекшілерінің бірі Александр Элисашвили, “Ахали” оппозициялық партиясының мүшесі Зураб Датунашвили ұсталды. Белсенділер наразылық акциясы өтетін парламент ғимаратының жанындағы қонақ үйден шыққан кезде ұсталған. 

Қарулы күштер “Өзгерістер коалициясының” жетекшісі Ник Гварамияны ұсақ бұзақылық пен полицияның талаптарын орындамау туралы әкімшілік іс бойынша әкетті. Саясаткердің адвокаты Дито Садзаглишвили Никті ұрып-соққанын, қазір ол уақытша ұстау изоляторында екенін айтты. Гварамияға қатысты сот 48 сағат ішінде өтуі керек. 

 “Бір немесе басқа жетекшіні тұтқындау грузин халқының Ресей режиміне қарсы наразылығына әсер етпеуі керек”, – деген Гварамияның сөзін адвокаты жеткізді.

Бұдан бөлек, полиция елдің экс-президенті Михаил Саакашвилидің “Бірыңғай ұлттық қозғалыс” партиясын тінтіген. ІІМ орталық криминалдық полиция департаменті жеті адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Контекст

Грузиядағы митиң 28 қарашадан бері өтіп жатыр. Премьер-министр Ираклий Кобахидзе елдің Еуропалық одаққа кіру туралы келіссөздерден бас тартқанын айтқаннан кейін халық наразылыққа шыққан. Митиңнің алғашқы күнінен бастап полиция наразылық білдірушілерге су мен көзден жас ағызатын газ шашты. Ал ел президенті Саломе Зурабишвили “Конституциялық сотқа қысым жасауды” жоспарлап отырғанын айтты. Ол бұған дейін 26 қазандағы парламент сайлауының ресми қорытындысының күшін жою туралы арыз берген.

Басты беттегі сурет Deutsche Welle сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz