Грузияда парламент сайлауының қрытындысына қарсы наразылық болып жатқанына бес күн болды. Полиция Тбилиси орталығындағы парламент ғимаратының алдына жиналған жұртқа су шашатын арнайы құрал қолданған видеосы тарады. Бұл туралы Азаттық Радиосы “Эхо Кавказа” сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Грузия үкіметінің Еуроодаққа қосылу үрдісін тоқтата тұру шешіміне наразы болғандар Тбилисидегі Руставели және Костава даңғылын бөгеді. Қазір Тбилисиден басқа, Батуми, Кутаиси, Поти және басқа да ірі қалаларда митиң болып жатыр. Олар даулы парламент сайлауы қайта өтсін, жаңадан құрылған үкімет қызметтен кетсін деген талап қойды.
Азаттық Радиосының жазуынша, полиция митиңге шыққандарға қарсы резеңке оқ қолданған болуы мүмкін.
Бұған дейін Грузин оппозициясы 25 қарашадағы парламенттің бірінші жалпы отырысына наразылық білдіріп жатқанын жазған едік. Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді кейінге қалдыруды ұйғарғанын айта кетейік. Ел президенті Саломе Зурабишвили “Конституциялық сотқа қысым жасауды” жоспарлап отырғанын айтты. Ол бұған дейін 26 қазандағы парламент сайлауының ресми қорытындысының күшін жою туралы арыз берген. Зурабишвили сайлауды қайта өткізу керек деп біледі.
Ал Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жаңадан сайлау өткізу мәселесі қарастырылмайды деп мәлімдеген.
Басты беттегі сурет Golosameriki.com сайтынан алынды