Тбилисиде парламент сайлауының ресми қорытындысына наразы азаматтар қарсылық акциясын өткізіп жатыр. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Басылымның жазуынша, оппозиционерлер Грузия парламенті ғимаратына шерулетіп бару үшін алдымен Республика алаңына жиналған. Шеру кезінде наразы топ пен полиция тәжікелесіп қалды. Полиция наразылыққа шыққандардың жүрісін азайту үшін көлік қозғалысын шектеген.
Айтыс-тартыстан кейін митиңге шыққан азаматтар жоғары заң шығарушы орган ғимаратына шерулетіп барып, сонда түнемек болады. Наразылар жиналған жерге полиция жұмылдырылды.
Бұл митиң 25 қарашадағы 11-шақырылымдағы парламенттің бірінші жалпы отырысына наразылық ретінде өтіп жатқанын естеріңізге салайық. 26 қазанда Грузияда парламент сайлауы өткен. Ресми қорытындыға сәйкес, билікте отырған “Грузин арманы” партиясы 11-шақырылымдағы парламенттегі 150 орынның 89-ына ие болған. Қалған төрт оппозициялық “Өзгерістер үшін коалициясы”, “Бірыңғай ұлттық қозғалыс”, “Қуатты Грузия”, “Гахария Грузия үшін” партиялары сайлау қорытындысын мойындамады. Оппозиция жетекшілері 4 қарашадан бері сайлауды қайта өткізуді талап етіп, наразылық акцияларын өткізіп жатыр. 24 қарашада полиция акцияға шыққандар заң шығарушы орган жұмысына кедергі келтірсе, қылмыстық жауапқа тартылады деп ескерткен.
Басты беттегі сурет Азаттық сайтынан алынды