Елде қатты аяздан жануарларды үсік шалып жатыр ма?

Қазақстанда қатты жел мен аяздан далада жүрген жануарларды үсік шалып жатыр деседі. Көпшілік арасында тараған видеода ауа райы температурасы – 52 градусты көрсетіп тұр. Factcheck.kg-дағы әріптестеріміз бейнені және оған қатысты деректі тексеріп көрді.

Үсік шалған жануарлар бейнеленген видеоның бірі 2018 жылы жарияланды. Кадр Астанада түсірілген. Жергілікті БАҚ мәліметі бойынша, сол кезде температура – 45 градус болған. Күннің қатты суық болғаны соншалық, мектептер мен коллеждердегі дәрістер уақытша тоқтатылды. Кейбір ұйым жұмыс уақытын қысқартты.

Кейін осы тектес басқа видеолар 2021 жылғы қаңтарда тарады. Ол Алматыда түсірілген. Ол уақытта да қатты аяз болған.

Метеорология сайттарындағы ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылғы 23 қаңтарда Астанада түнде – 41 градус, күндіз – 29 градус температура тіркелген. Метеорологтардың айтуынша, бұл – кейінгі 49 жылда Қазақстанда болған ең төмен көрсеткіш. Ал 2021 жылы елде термометр – 37 градусты көрсетті. Бұл сол жылдағы ең төмен көрсеткіш болды. Сол себепті видеода көрсетілген температура өлшемі шындыққа жанаспайды.

Қырғыз фактчекерлері видеоның бірі Жансүгіров ауылында түсірілгенін анықтады.

Сыртқы температураның өзгеріп тұратынына қарамастан ауыл шаруашылығы жануарларының дене температурасы адамдардыкі сияқты тұрақты деңгейде сақталады.

Әр жануардың температурасы әртүрлі болып келеді:
– жылқыларда – 37,5 – 38,5 градус;
– ірі қара малда – 38 – 39,5 градус;
– қой, ешкіде – 38 – 40 градус;
– иттерде – 37,5 – 39 градус.

Жануарлардың денесінен жылу үнемі бөлініп тұрады. Ол үшін олар дұрыс жем жеп тұруы керек. Жануар тыныш тұрған кезде бұлшықеті 25%, жүрегі 11%, бауыры 20%, бас миы 23%, бүйрегі 7%, терісі 5%, қалған мүшелері 19% жылу шығарады. Ал қозғалып жатқанында көп дегенде 70%-ке дейін жылу бөлінеді.

Мысалы, иттердің аяқтары қатты аязда да үсіп қалмайды. Иттердің аяқтарында қан айналымы жақсы жұмыс істейді, қаны ешқашан суып қалмайды. Соның арқасында иттер суыққа төзімді. Тұқымы кішкентай иттердің ғана төзімі төмендеу. Жапон ғалымдарының айтуынша, мұндай қан айналым жүйесі тек итте емес, басқа жануарларда да кездеседі.

Қорытындылай келе, видеода көрсетілген температура қате. Ал ондағы жануарларды үсік шалғаны туралы ақпарат күмәнді. Себебі бейнеде жануардың тек бір жағы көрініп тұр, сондықтан нақты кесіп айту қиын.

Factcheck.kz