Джо Байден Капитолияда адасып қалды ма?

2023 жылы қыркүйекте Джо Байденге қатысты видео тарады. Онда АҚШ президенті Конгрестің ғимаратында адасып қалған сәті бейнеленген деседі. “Проверено” фактчекерлері видеоны және оған қатысты ақпаратты тексеріп көрді.

Көпшілік арасында тараған роликте Джо Байден мен бір әйелдің сөйлесіп тұрғаны көрсетіледі. Әйел АҚШ президентінің құлағына: “Біз Капитолий ғимаратындамыз, сіз дұрыс емес жолмен бара жатырсыз. Біз сізге картада көрсеткендей, ғимараттың екінші жағынан шығыңыз”, – деп сыбырлады-мыс. Осыдан кейін желі қолданушылары “Байден өзі 40 жыл істеген ғимараттың ішінде адасып жүр” деген пікір жаза бастады (1,2,3).

Видеодағы субтитрдің орысша аудармасы дұрыс, дегенмен бір сөзде қате кеткен. Онда Capitol (Капитолия) сөзінің орнына capital (астана) деп жазылған. Алайда видеода бейнеленген әйелдің ернінің қозғалғаны аудиодағы дауыспен сәйкес келмейді. Видеода шығып жатқан аудиожазбада “you, going, wrong және of” деген сөздер айтылады, бірақ ол сөздер айтылғанда әйелдің ерні мүлдем басқаша қозғалады. Сол себепті аудионы түпнұсқа емес деуге болады.

X (Twitter) желісінің ағылшын тілінде сөйлейтін қолданушылары видеоның түпнұсқасын АҚШ үкіметінің материалдарын тарататын C-SPAN кабельдік арнасының сайтынан және оның ресми YouTube арнасынан тапты. Бұл жазба Байденнің 2023 жылғы 7 ақпанда Капитолийдегі Конгрестің бірлескен отырысының тікелей трансляциясының үзіндісі болып шықты. Бұл отырыста АҚШ президенті елдегі жағдай туралы үндеу жариялаған.

Трансляция АҚШ президентінің сөзі аяқталғаннан кейін де жалғасты және оқиғаның бейресми бөлігі де түсірілді. Түпнұсқа дыбыс бар бейнеде айналадан шығып жатқан шудан Байден мен әйелдің әңгімесі толық естілмейді. Дегенмен олардың кей сөзін естуге болады. Джо Байден «People will get angry. They feel like they’re being used» (“Адамдар ашуланады. Олар өздерін қолданып жатқанын сезеді”) дейді. Ал әйел бірнеше рет «so true» (“дұрыс”) және «Anything I can do to help support that, I will» (“Мұны қолдау үшін бәрін істеймін”) дейді. Кейін Байден күзетшілерінің біріне онымен сөйлескен әйелдің телефон нөмірін алуды бұйырады. Бұл сөйлемдерге қарап-ақ, олардың Конгресс ғимаратында адасып жүргеніне қатысты сөйлесіп жатпағанын байқауға болады.

Осылайша, фактчекерлер АҚШ президентінің Конгресс ғимаратында адасып жүргені туралы ақпараттың жалған екенін анықтады.

Factcheck.kz