Маусымның соңында АҚШ президентінің видеосы тарады. Онда Джо Байден микрофоны қосылып тұрғанын байқамай, АҚШ мемлекетінің құпияларын сатып жібергенін айтып қойған деседі. “Проверено” фактчекерлері бейнені тексеріп көрді.
Видео 27 маусымда тарады. Көптеген басылымның жазуынша, АҚШ президенті Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модимен кездескенде: “Мен жай ғана алғыс айттым. Неде болса, сенсіз бастап кеттім. Мен көптеген мемлекеттік құпия мен маңызды затты сатып жібердім. Кейін біз бөлістік”, – деген-міс.
Бұл ақпарат бірқатар жерде жарияланып, миллиондаған қаралым жинады (1, 2, 3, 4).
Көпшілік арасында тараған видео 2023 жылғы 23 маусымда АҚШ президенті және Үндістанның премьер-министрінің Ақ үйде технология компанияларының басшыларымен кездесуінде түсірілген. Мысалы, Модидің оң жағында Apple-дің бас директоры Тим Кук отыр. Бір қызығы, вирустық видеоның тек үзіндісі тарап жатыр.
Бейненің түпнұсқасы 26 маусымда АҚШ президенті әкімшілігінің YouTube арнасына жарияланды. Оның жалпы ұзақтығы — 6 минут 45 секунд. Байден резонанс тудырған сөзін роликтің басында айтқан. Дегенмен президенттің сөзін толық тыңдасақ, оның мемлекеттік құпияларды сату туралы әзілдеп айтқанын түсінуге болады.
Мен жай ғана алғыс айттым… Негізі, мен сіздерсіз бастап кеттім де, біз бөліскен көптеген мемлекеттік құпия мен маңызды затты сатып жібердім. Ал енді әзілді қоя тұрайық. Қараңыздаршы, біз дүниежүзіндегі адамдардың өмірін өзгертетін жаңа технологияны жобалау және әзірлеу үшін бірігіп жатырмыз. Сонымен бірге біз мұны, соның ішінде Үндістан мен Америка арасында америкалық, үндістандық астронавттарға, сондай-ақ кәсіпкерлерге, ғалымдарға, студенттерге арналған жаңа бағдарламаны іске асыру үшін жеке және мемлекеттік серіктестерді тартамыз.
Джо Байден
Мұны Ақ үйдің ресми сайтындағы кездесу стенограммасы да растайды. Онда тіпті, Байденнің “Сонымен. Біз…” деген, бірақ тараған видеодан қиылып қалған сөзі бар.