Disney кілем сияқты ұшақ аттракционын іске қосты. Олар мұны 1992 жылы жарық көрген “Алладин” мульфильмінен шабыттанып жасаған деседі. Бұл туралы шілдеде Mouse Trap News басылым жазды. Snopes фактчекерлері ақпаратты және осыған қатысты TikTok-та тарап жүрген видеоны тексерді.
Мақалада бұл “кілем-ұшаққа” тек 18 жасқа толғандар міне алатыны және 5000 доллар төлеу керек екені жазылған.
«Шынында, адамдар сиқырлы кілемді киіп алады да, дайын болғанда таудың қырынан секіреді. Кейін олар таудан төмен қарай ұшып, табиғаттың сұлулығын тамашалай алады. Оған қоса Disney кілемге динамик орнатып қойды. Адамдар ұшып бара жатқанда “Жап-жаңа әлемді” (мультфильмдегі ән – ред) тыңдай алады. Кілем-ұшаққа міну үшін адамда кәдімгі ұшақ арқылы ұшу, парашютпен секіру сияқты тәжірибенің болып-болмағаны маңызды емес, бірақ қатысушылар оған мінбей тұрып “барлық жауапкершілік өз мойнымда” деген қағазға қол қоюы керек. Оның үстіне, 18 жасқа толу керек», — делінген материалда.
Mouse Trap News басылымы ақпаратты TikTok парақшасына да жариялады. Ол 446 мыңнан астам рет қаралды.
Алайда бұл шынайы ақпарат емес. Бұл басылым – сатиралық интернет-ресурс.
«Mouse Trap News — сатира мен пародияға арналған әлемдегі ең күшті сайт. Біз Disney парктері туралы, яғни парктің жарнамаларынан бастап, қонақүй мен курорттарына дейін фейк ақпараттар жазамыз. Disney-мен серіктестік қатынасымыз туралы жалған ақпарат жазамыз. Бұл жерден оқыған ақпараттың бәрі шынайы әрі нақты емес, бірақ қызық», – делінген басылымның өзі туралы сипаттамасында.
Ал басылым TikTok-қа @alladin_skylab деген парақшаның видеосын салған. Ол видео алғаш 2024 жылғы 18 шілдеде жарияланған. Бұл аккаунт иесі вингсьют костюмдармен видео түсіреді.