16 тамызда Facebook-қа The People’s Voice басылымының бір мақаласының скриншоты жарияланды. Мақалада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының докторы Тедрос Адханом Гебрейесустың суреті бар. Ал тақырыбында «ДДСҰ мемлекеттердің билігін адамдардың өліміне себеп болатын маймыл шешегіне байланысты «мегалокдаундарға» дайын болуға шақырды» делінген. Бұл постты үш күнде мыңнан астам рет бөліскен. Дәл осыған ұқсас мәлімдеме Instagram-да да тарап, мыңнан астам лайк жинады. USA Today фактчекерлері деректі тексерді.
Дүниежүзінде 2024 жылы былтырға қарағанда mpox ауруы көбірек тіркелді. Бірақ ДДСҰ хатшысы Тарик Язаревичтің айтуынша, ұйым мемлекеттерге локдаунға дайындалу керек екені туралы ешқандай бұйрық бермеді.
ДДСҰ-ның 14 тамыздағы декларциясында да, ұйымның бас хатшысының ресми мәлімдемелерінде де локдаун, карантин, шектеулер туралы айтылмады. Оған қоса беделді әрі сенімді медиа да бұған қатысты ақпарат таратпады.
Оның үстіне, ДДСҰ-ның мемлекеттерге мұндай бұйрық беруге, талап қоюға құқығы жоқ. Ұйымның хатшысының айтуынша, ДДСҰ 194 мемлекетке тек кеңес береді және қолдау көрсетеді. ДДСҰ қоғамның денсаулық сақтауына қатысты кеңестерін айтса да, шешімді мемлекеттің өзі ғана қабылдайды.