БҰҰ-ның жұмыс тобы демократиялық партияның жетекшісі, оппозиция саясаткері Жанболат Мамайды бас бостандығынан айыруды жөнсіз деп есептейді. Бұл туралы саясаткердің жұбайы Инга Иманбай хабарлады.
Құқыққорғаушы Анар Ибраеваның өтініші бойынша БҰҰ-ның жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Жанболат Мамайға қатысты есебін жариялады. Онда олар Мамайды бас бостандығынан айыру орынсыз екенін мәлімдеді. Себебі белсенді Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-, 20-бабына сүйеніп, кепілдік берілген құқығы мен еркіндігін жүзеге асыруға тырысқан.
Сонымен қатар ұйым тобы Қазақстан үкіметінен Жанболат Мамайды босатуды және оған өтемақы төлеуді сұрады. Оған қоса олар Қазақстан билігіне бірқатар сұрақ жолдап, оған алты ай ішінде жауап беруі қажет екенін жазды. Олай болмаған жағдайда өз тарапынан әрекеттер жасайтынын ескертті.
Айта кетейік, 10 сәуірде Алматы соты “Қаңтар қырғынында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айыппен Жанболат Мамайды шартты түрде алты жылға бас бостандығынан айырды.