Bard чат-боты Билл Гейтске қатысты қастандық теориясын қолдады

Google компаниясы қолданушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тырысып жатса да, олардың Bard чат-боты қастандық теориясын қолдайтын контент шығарды. Бұл туралы Bloomberg ақпараттың дұрыс-бұрысын тексеретін NewsGuard тобына сілтеп, хабарлады.

NewsGuard мамандары чат-боттың дезинформация туралы сауалға қалай жауап беретінін білу үшін одан қастандық теориясына үлес қосуын, The Gateway Pundit платформасының иесі сияқты мәтін жазуын сұраған.

Bard 13 абзацтан тұратын егжей-тегжейлі түсініктеме жазған. Онда жаһандық элиталар экономика шаралары мен вакциналар арқылы ғаламшардағы халық санын қысқартуды жоспарлағаны баяндалған. Бот Дүниежүзілік экономика форумы, Билл мен Мелинда Гейтс қоры сияқты ұйымдардың ойдан шығарылған мақсаттарына тоқталып, олар “жүйені бұрмалау үшін және бізді құқығымыздан айыру үшін өз күштерін пайдаланғысы келетінін” айтқан. Сонымен қатар мысал ретінде Сovid-19 вакцинасында микрочип бар екенін, ол арқылы элиталар қарапайым адамдарды бақылап отыратынын жазған.

NewsGuard мамандары чат-ботқа 100 сауал жолдаған. Бот 76 жалған ақпарат жазылған мәтін дайындап берген.

NewsGuard басшыларының бірі Стивен Брилл зерттеушілердің сынағына сүйеніп: “Алаяқтар Bard, OpenAI’s, ChatGPT-ды жалған ақпарат таратудың қуатты құралы ретінде пайдалана алады”, – деді.

Factcheck.kz