Азаттық Радиосының Қазақ қызметіне “жалған ақпарат таратты” деген айып тағылып, 103 500 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы редакцияның өзі хабарлады.
Басылымның мәліметі бойынша, Шымкент тұрғыны Әлішер Турабаев редакцияның Атбасар колониясында азапталған Тимур Дәнебаевты Көкшетау қаласындағы изоляторға ауыстырғаны туралы орыс тіліндегі жаңалығына қатысты сотқа шағымданған. Турабаев материалда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қатысты “Ресей жетекшілік ететін” деген тіркесті пайдалану дұрыс емес деп санаған.
Нәтижесінде Алматы соты Әкімшілік кодекстің 456-2 бабының 1-тармағы (“Жалған ақпарат орналастыру, тарату”) бойынша, Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметіне айыппұл салды. Шешімді судья Рауза Әлиева шығарды.
Азаттықтың Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжолдың айтуынша, соттың айыбы негізсіз. Себебі басылымның адвокаты Жанғазы Күнсеркин әкімшілік құқық бұзушылық болмағандықтан, сот өндірісін тоқтатуға өтініш берген. Оған қоса лингвистикалық сараптама тағайындауды сұраған. Сот адвокаттың өтініштерін орындамаған.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Редакция аппеляция шағымын бере алады.