Арон Атабектің қызы марқұм әкесінің ақталуын талап етті

Арон Атабектің қызы Алма Нұтышева “Шаңырақ” ісі бойынша сотталып, кейін қайтыс болған әкесінің ақталуын талап етті. Үндеуін ол Instagram парақшасына жариялады.

Арон Атабек “Шаңырақ” ісі бойынша 18 жылға сотталды. Саясаткер 15 жыл қамауда отырып, 2021 жылы денсаулығының күрт нашарлағанына байланысты шартты жазамен босап шыққан. Бірақ екі айдан соң 68 жасында ауруханада қайтыс болған.

Марқұмның қызы Алма Нұтышеваның айтуынша, әкесі Арон Атабек – еш кінәсіз сотталған азамат. Сол себепті ол “Шаңырақ” ісінің қайтадан қаралуы керек және әкесі толық ақталуы керек деп есептейді.

“Бұған дейін де әкемнің ақталуын талап еттім, бірақ оны өтінішімді қанағаттандырмады. Сондықтан заңгерлермен бірігіп, жаңа үндеу жариялап отырмыз”, – дейді Алма Нұтышева үндеуінде.

Еске салайық, 2006 жылы Алматы әкімдігі Шаңырақ ауданында салынған үйлерді заңсыз деп танып, оларды бұзу туралы шешім шығарады. Арон Атабек әкімдіктің шешіміне қарсы болып, тұрғындардың баспанасын қорғауға тырысқан. Алайда соңында Арон Атабек “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деп 18 жылға қамалған.

Factcheck.kz