Алматылық белсенді Мадина Көкетаева 15 тәулікке қамалды

24 қаңтарда алматылық белсенді Мадина Көкетаева “бейбіт митиң өткізу тәртібін бұзғаны үшін” 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Оның қамалғанына 2023 жылғы 19 қыркүйекте “әуежайды басып алу” ісі бойынша апелляция шағымы қаралып жатқанда сот ғимараты алдына барғаны себеп болған.

Көкетаева қамауға алынған күні Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген. Тоқаев инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды аралап, қала билігінің жол-көлік жүйесін дамыту жөніндегі жоспарларымен танысады және қаланың сейсмикалық қауіпсіздігі тақырыбында кеңес өткізеді.

“Қылмыскер ретінде 19 сағат бойы Алмалы аудандық полициясында болдым. Тамақ берілмеді. Ұстаған кезде күш қолданды. Денем көгеріп кетті. Барлық медициналық құжатым бар. Бірақ судья бұған мән бермеді. Мен қалалық жедел жәрдем ауруханасында болдым. Барлық анализді тапсырдым. Полицейлер менімен бірге дәрігерге барды. Қан қысымым көтерілсе де, олар ауруханаға жатқызуға негіз жоқ деп шешті. Кез келген уақытта инфаркт болуы мүмкін. Олар Тоқаев қаладан кетпейінше мені босатпайды”, – деді белсенді.

Көкетаеваға қатысты сот ісі онлайн режимде өтті.

Factcheck.kz