Алматыда InternetCA-2023 форумы өтіп жатыр

Орталық Азиядағы цифрлық құқық жағдайы әлі күнге дейін нашар. Бұл туралы сарапшылар Алматыда өтіп жатқан жыл сайынғы XIV «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы – InternetCA-2023» форумында айтты.

Биылғы InternetCA-2023 форумының басты тақырыбы — цифрлық құқықты реттеу және ықтимал  қауіп-қатер, Орталық Азия елдерінде интернеттегі сөз еркіндігін орнату мәселесі, жасанды интеллекті дамытудың келешегі мен тәуекелдері және тағы басқа.

Интернет форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Грузия, Молдова, Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Ресей, Чехия, Германия, Босния мен Герцеговина сияқты елдердің цифрлық құқықтар, фактчекиң, медиасауат, сөз еркіндігі және адам құқықтары, пропагандаға қарсы күрес саласындағы сарапшылары қатысып жатыр.

«Ашық қоғам» қоры бағдарламаларының жетекші менеджері Мариана Мастың айтуынша, Орталық Азиядағы цифрлық құқық жағдайы нашар және әлі шешілуге тиіс кейбір жаһандық проблема бар.

Үкіметтер цифрлық технология, соның ішінде шпион бағдарлама және кейінгі технологиялар арқылы қарсыластарына тыңшылық жасайды, олардың үнін өшіру үшін пайдаланады, маңызды оқиғаларда интернетті бұғаттап тастайды.

Мариана Мас, «Ашық қоғам» қоры бағдарламаларының жетекші менеджері

Елде 6 жастан асқан қазақстандықтың 90%-і интернет пайдаланады. Оған қоса интернет және оның платформалары кәсіптің барлық дерлік түрін дамытудың, жұртшылыққа мемлекеттегі саяси және әлеуметтік мәселелерді түсіндірудің, халықты шешім қабылдауға шақырудың маңызды құралына айналды. Алайда бұл тенденция пайдаланушыларға жаңа мүмкіндіктермен қатар ықтимал проблемаларды да әкелді. Оның ішінде маңыздысы — мемлекеттің осы процесті реттеуге деген ұмтылысы.

Қазақстандағы Internews Network өкілдігінің директоры Марат Биғалиевтің айтуынша, цифрлық құқық әлі дұрыс зерттелмеген, сол себепті оған қатысты ережелер де толық бекітілмеген.

Цифрлық құқық — жаңа технологиялармен араласқан қарапайым адам құқығы. Бұл құқық  әрбірімізде бар. Сонымен қатар цифрлық құқық я интернет құқығы саласы динамикаға ие, икемді және зерттелмеген. Ондағы ережелер әлі толық пысықталмаған. Интернет-форум тек цифрлық құқық емес, дезинформация мен ақпараттық соғыс, әлеуметтік медиа платформаларын реттеу, жасанды интеллектің әсері және тағы басқа тақырып бойынша аудиторияның көптеген сұрағына жауап береді деп сенемін.

Марат Биғалиев, Қазақстандағы Internews Network өкілдігінің директоры

Сонымен қатар форумда интернеттің ақпараттық соғыстың тиімді және таптырмас қаруына, жаппай пропаганда мен дезинформация тарату құралына айналғаны, салдарынан қоғамда поляризация, өшпенділік тілі, шынайы және қиялдағы жау пайда болғаны айтылды. Сарапшылар азаматтарға арналған кеңістіктің бұдан артық қысқаруына, халықты мемлекеттік бастамаларға тарту мүмкіндігін азайтуға, сөз еркіндігін шектеуге жол бермеу үшін цифрлық кепілдік пен оларды мемлекеттің реттеуі арасында сауатты теңгерім қажет екенін мәлімдеді.

Бүгінде әлеуметтік желілер сөз еркіндігін орнататын алаңға айналды, тиісінше, оларды бақылау мен реттеуге деген ұмтылыс та күшейді. Орталық Азия елдерінің заңнамасы сөз еркіндігін ылғи репрессия арқылы реттейтін, дегенмен кейінгі кездегі тенденциялар көп алаңдаушылық туғызады.

Виктория Тюленева, Қазақстандағы Freedom House директоры

Шараны дәстүрлі түрде Freedom House, «Ашық қоғам» қоры, USAID, Internews Network және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің қолдауымен «MediaNet халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырып жатыр.

Factcheck.kz